TOEFL - шетелдік ЖОО-нына түсу шарты

TOEFL - шетелдік ЖОО-нына түсу шарты

TOEFL (Test of English as a Foreign Language) – ағылшын тілі бойынша халықаралық емтихан. TOEFL АҚШ-тағы Нью-Джерси штатының Принстон университетіндегі Educational Testing Service (ETS) мекемесімен дайындалған.

TOEFL-дың басты мақсаты – ана тілі ағылшын тілі болмағандардың тіл білу деңгейін анықтау. TOEFL нәтижелерін ұсыну, АҚШ, Канада және басқа да мемлекеттердің 2400-ден астам колледждері мен университеттеріне оқуға қабылданудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. TOEFL сертификаты – шетел университеттерінде MBA бағдарламасы бойынша білім алу үшін, ағылшын тілінде тәжірибеден өту үшін немесе жұмысқа орналасу үшін ағылшын тілін білуді талап ететін мекемелерге қажетті құжат болып саналады. Кейбір ғылыми және мамандырылған бағдарламалар да үміткерлерден TOEFL емтиханын талап етеді. TOEFL сертификаты екі жыл көлемінде жарамды болып есептеледі. TOEFL емтиханының басты ерекшелігі ретінде оның американдық ағылшын нұсқасымен негізделгенін айтуға болады. Сондықтан да TOEFL-ды сәтті тапсыру үшін American English-тің British English-тен лексикалық және де грамматикалық айырмашылықтарын білген жөн. 
Қазіргі таңда Қазақстанда тест тапсырудың екі нұсқасы бар: Paper-based Test (PBT), яғни емтихан қағазда жазбаша түрде берілсе, Internet-based Test (iBT) – Интернет арқылы тестілеу. Тестілеудің екінші нұсқасы соңғы кездері көптеген ЖОО-дарда танымал бола бастады. Себебі тапсырмалар оқумен, тыңдаумен және шығарма жазумен ғана шектеліп қоймай, сонымен қатар ауызша сөйлеу тапсырмаларын да қамтиды.

Paper-based Test (PBT)
Емтихан төрт бөлімнен тұрады: Listening Comprehension, Structure and Written Expression, Reading Comprehension және Test of Written English.

I бөлім: Listening Comprehension

Ағылшын мәтіндерін түсіну (солтүстік америкалық айтылу), негізгі ойды түсіне білу, шешім шығару қабілеттерін анықтайды.

Сұрақтар үш топқа бөлінеді.

A: Шағын-диалогтар. Бұл бөлімде сіз диалог пен диалогтың мазмұнына қатысты сұрақты тыңдайсыз және берілген нұсқалардан дұрыс жауапты таңдайсыз.

B: Ұзақ диалогтар. Бұл бөлімде сіз диалог пен диалогтың мазмұнына қатысты бірнеше сұрақ тыңдайсыз және берілген нұсқалардан дұрыс жауаптарды таңдайсыз.

C: Қысқа монологтар. Бұл бөлімде сіз монолог пен монологқа қатысты бірнеше сұрақ тыңдайсыз және берілген нұсқалардан дұрыс жауаптарды таңдайсыз.

II Бөлім: Structure and Written Expression

Грамматиканы білу деңгейі анықталады.

Structure:
Бұл бөлімде сөйлемнің грамматикалық дұрыс аяқталуы үшін бос орынға берілген нұсқалардың бірін таңдауыңыз қажет.

Written Expression:
Бұл бөлімде берілген бірнеше сөйлем мүшелерінің арасынан бұрысын таңдау қажет.

III Бөлім: Reading Comprehension

Бұл бөлімде сіз, берілген қысқа мәтіндерді оқып, әрбір мәтінге қатысты бірнеше сұраққа жауап беруіңіз керек. Және де бұл бөлімде контекстке байланысты сөздердің мағынасын табу секілді тапсырмалар қамтылған.

IV Бөлім: Test of Written English

Берілген тақырыпқа шығарма жазуыңыз керек. Шығармада өз ойыңызды айқын жеткізу маңызды. Талқыланып жатқан мәселемен  келісетініңізді немесе келіспейтініңізді және де өз тұжырымыңызды фактілермен жеткізе білу керек.

Жалғасы бар

Сурет ғаламтордан алынған

Ж. FM