Депутат кәмелеттік жасты 21-ге ауыстыруды ұсынды

Депутат кәмелеттік жасты 21-ге ауыстыруды ұсынды

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР, БҰЛ ЖАЗБА 1 СӘУІР КҮЛКІ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАЗЫЛҒАН ӘЗІЛ МАТЕРИАЛ БОЛАТЫН. СОЛ СЕБЕПТІ ЖАЗБАДАҒЫ АҚПАРАТТАРДЫҢ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫНЫН ЕСКЕРТЕМІЗ.

 

«Адам 21 жасында ғана оң-солын танитындай деңгейге жетеді. Қазір 18 жастан бастап үйленіп, несие алып, жол жүру куәлігіне ие болып, түрлі мәселеге ұрынып жүрген жастар көп», - деді мәжіліс депутаты Ахметбек Тұрсынханов.

Сонымен қатар, 18 жастан кейін шылым мен спирттік ішімдіктерді сатып алуға қолы жеткен бозбалалар зиянды әдетке жастайынан әуес болатындығын айтып, олардың денсаулығына алаңдаушылығын білдірді. Депутат мұндай шақта адам өте еліктегіш келеді, сондықтан оларға толыққанды еркіндік берілмеу тиіс деген пікірде.

Ахметбек Тұрсынханов, ҚР Мәжіліс депутаты:

- Шығыс Азия елдерінде кәмелеттік жасқа 20 жасында толады. Бұл да біраз логикаға сай. Өйткені 20 жастағы адам кішкене болсын үлкен өмірге дайын, өз ойы мен пікірі қалыптасқан адам, ешкімге еліктемей дауыс бере алады, артық ішімдік ішіп, шылым шегуге өзіне тосқауыл қоя алады. Ал Египет, Монако, Сингапур, АҚШ сынды елдерде 21 жаста кәмелеттік жасқа толады. Біз де осындай стандарттарға келуіміз керек.

Депутаттың пікірінше, басты мәселе – жастардың еліктеуге тым бейімділігінде. Адам тезірек есейгісі келіп, үлкендердің әрекеттерін қайталаймын деп түрлі мәселеге ұрынып жатады. Сонымен қатар, елімізде 18 жасқа толған баласын үйінен қуып, үлкен өмірді өз бетіңше баста дейтін ата-аналар да көп екен. Ал 18 жастағы бозбала мен бойжеткен мұндай қиындыққа төзе алмай, қылмыс жасап, өз өміріне балта шабады. Адам тек 21 жасынан бастап өмірге толыққанды бейімделе бастайтын көрінеді.

Сурет: neftegaz.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina