Қазақ ғалымы «Мыңжылдықтың 7 проблемасының» біреуін шешті

Қазақ ғалымы «Мыңжылдықтың 7 проблемасының» біреуін шешті

Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Мұхтарбай Өтелбаев «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегін аяқтап, ғылыми басылымда жариялады, – деп хабарлайды kaztrk.kz.

Мұхтарбай Өтелбаевтің бұл еңбегі «Мыңжылдықтың проблемасы» аталатын ең күрделі 7 математикалық есептің қатарына енген. Осы проблемалардың әрқайсысын шешуге Клэй математикалық институты 2000 жылдың басында 1 миллион АҚШ долларын тіккен болатын.

Kaztrk.kz сайтына жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда мыңжылдықтың 7 проблемасының тек біреуі ғана шешімін тапқан, екіншісінің шешімін қазақ ғалымы Мұхтарбай Өтелбаев тапты. 

Мұхтарбай Өтелбаев 1942 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. 1969 Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1973–2000 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Қазақстан Ғылым Академиясының Математика және механика ғылым-зертттеу институтында, ҚазҰУ-да, Жамбыл педагогикалық институтында, Қарағандыдағы Қолданбалы математика ғылымының зерттеу институтында, ҚазҰПУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, басшылық қызметтер атқарды. 1993–1995 жылдары ҚР Министрлігі Кабинет жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің аэрогидродинамика бөлімінің бастығы болған. 

2000 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Еуразиялық математика институтының директоры, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесі директорының орынбасары қызметін атқарады.

Материалды дайындауға kk.wikipedia.org мәліметтері пайдаланылды

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: life.enu.kz

Р. Роза