ОАР көшбасшысы өмірден озды

ОАР көшбасшысы өмірден озды

ОАР (Оңтүстік Африка Республикасы) бұрынғы президенті және бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Нельсон Мандела өмірден озды. Осындай суыт хабарды көпшілікке бүгін, 6 желтоқсан күні қазіргі ел президенті Джейкоб Зума жеткізді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

95 жастағы Мандела Йоханнесбургтегі өз үйінде ұзаққа созылған аурудан кейін көз жұмды. Ол өкпе дертінен зардап шегіп келген болатын.

Зума хабарлағандай, Манделаға мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетіп, ақтық сапарға шығарып салмақ. Бүгін елдің барлық аймағында ұлт көшбасшысының қазасына орай мемлекеттік тулар түсірілді.

Нельсон Мандела 1918 жылы ОАР-дың оңтүстік-шығысында дүниеге келді. 1943 жылы университетке түсіп, құқық саласын меңгеруге талпынды. Алайда ол осы мамандық бойынша бакалавр дәрежесін тек 1989 жылы ғана алды.

1944 жылы Мандела Африка ұлттық конгрессінің Жастар лигасына мүшелікке қабылданып, апартеид мәселесімен белсене күрес жүргізді. 1953 жылы ОАР үкіметі оған көпшілік қатысқан шараларда сөз сөйлеуге тыйым салды. 1956 жылы оны мемлекетке опасыздық жасады деп айыптап, алайда кейін қайта ақталды.  

1960-шы жылдары ел билігі жоғарыда аты аталған ұйымның жұмысына тыйым салған кезде, Мандела оның халық таныған көшбасшысына айналып үлгерген еді. 1961 жылы Мандела Лиганың әскери ұйымын өз қолына алып, 3 жылдан кейін абақтыға қамалып, сот шешімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

1

1985 жылы Мандела ОАР президенті Питер Ботаның «саяси күрестен бас тартсаң, бостандыққа шығасың» деген ұсынысын да қабылдамады. Дегенмен арада 5 жыл өткеннен соң, жаңа президент Манделаны бостандыққа шығарды.

1993 жылы Мандела мен ОАР-дың сол кездегі президенті Фредерик де Клерк апартеидке қарсы белсене күрес жүргізгені үшін бейбітшілік саласы бойынша тағайындалған Нобель сыйлығына ие болды. Ал 1994 жылы өткен президент сайлауында Нельсон Мандела ОАР-дың тұңғыш қара нәсілді президенті атанды. Ол бұл қызметте 1999 жылға дейін отырды.

2013 жылдың жазында Мандела өкпе инфекциясымен ауруханаға түсті. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер оны жасанды демалу аппаратына қосуға мәжбүр болды. Қыркүйек айында экс-президент ауруханадан шығып, үйінде жатып ем қабылдауға рұқсат алды. Алайда күз бойы оның жағдайы тұрақты ауыр жағдайда екендігі хабарланып келген болатын.    

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ria.ru

Б. Қосмағамбет