Almaty Book Expo кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды

Almaty Book Expo кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды

Бүгін әл-Фараби атындығы Қазақ Ұлттық Университетінің 80 жылдығына арналған Almaty Book Expo халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі «Интеллектуалды оқудан – интеллектуалды ұлтқа» атты ұранмен өз жұмысын бастады.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, ҚР Мемлекеттік Кітап Палатасы, «Нұр Отан» ХДП, Жазушылар ұжымы және Қазақстан Полигрофистері мен Баспа Ассоциациясы бүгінгі халықаралық көрменің ұйымдастырушылары болды. Кітап көрме-жәрмеңкесінде Қазақстан, Түркия, Иран, Қытай және Өзбекстанның әдеби ұжымдары және кітап баспасымен айналысатын баспа агенттіктері өздері бастырып шығарған кітаптарын оқырман назарына ұсынды.

Халықаралық іс-шараны Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғ.М.Мұтанов салтанатты түрде ашық деп жариялады. Барша жиналған жұртты Ұлттық Университеттің 80 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ, құттықтау сөзі ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасының директоры, Қазақстан баспагерлері, полигрофистері мен Кітап Таратушылары ассоциациясының президенті Ж.Т.Сейдумановқа, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.С.Матыжановқа, И.Федоров атындағы Мәскеу Мемлекеттік Баспа Университетінің ректоры К. В. Антиповқа берілді.

Көрме аясында ұйымдастырылып отырған ең маңызды іс-шаралардың бірі болатын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, И.Федоров атындағы ММБУ мен Қазақстан Баспагерлері, Полигрофистері және Кітап Таратушылары ассоциациясы араларында әріптестік келісімшартқа қол қойылды.

Мәдени шараның жалғасы «Любовь книге объединяет нас» және «Кітап мәдениетіне қосқан үлесі үшін» атты халықаралық медальдары және мақтау қағаздарымен, номинациялар бойынша Гран-При жүлдесі және дипломдармен марапаттауға ұласты. Көрмеге қатысқан барлық баспа орталығы марапатқа ие болды.

Ал "Арғымақ" өлеңдер жинағының авторы, қазақтың белгілі ақыны Олжас Сүлейменовтің астына арғымақ мінгізді.

Жәрмеңке бағдарламасының барысы әртүрлі сарында болды. Айта кетсек, Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев, Смағұл Елубай, Жарас Сәрсек, Сұлтан Қалиұлы секілді белгілі қазақстандық және шетелдік ақын-жазушылармен әдеби кездесу болды. Сонымен қатар, Реза Давари Ардаканидің «Фараби – Ислам философиясының негізін қалаушы», О. Сүлейменовтің «Сөз коды», М. Әбиев пен А. Майкөзовалардың «Қазақстандық арман», Г.В. Канның «Қазақстан тарихы» секілді шығармашылық туындылары мен оқулықтарының тұсаукесері болып өтті. Сондай-ақ, Үздік университеттік баспа атанған «Қазақ Университеті» баспасы ресми сайтының (www.magkaznu.com) ашылу жобасы таныстырылды. Гете институты мен ҚР Ғылыми кітапханасының мұрағат жинақтары мен басылымдары көпшілік қауымға ұсынылды. 2014 жылдың қараша айында жоспарланып жатқан «Open Central Asia Book Forum & Literature Festival» Халықаралық әдеби фестивалінің таныстыру шарасы да көрме аясында орын алды.

Студенттер арасында өткен «Жауқазын» әдеби-поэтикалық байқауының жеңімпаздары грамоталар және жүлделі сыйлықтармен марапатталды.

Халықаралық көрмеге келушілер өздері қалаған кітап баспасымен жақынырақ танысып, көптеген жаңа басылым туралы мәлімет алды. Кітапқұмар оқырмандар ой талғаммен кез келген кітапқа қол жеткізе алды.

әл-Фараби Ғылыми Кітапханасында «Ұлттың интеллектуалдық потенциалын көтеру және рухани байлығын сақтау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Жалпы көрмеге қатысушы баспа орталықтары мен ғылыми институттар:

  • Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
  • «Арыс» баспасы
  • Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрлігі
  • Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылар ассоциациясы
  • Философия және Саясаттану Институты
  • Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты
  • М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты
  • «Қазақ Университеті» баспасы
  • «Абай» Халықаралық клубы
  • Konica Minolta
  • Әл-Фараби Ғылыми Кітапханасы
  • «Арман ПВ» баспасы
  • The Ethnic Publishing House (Қытай)
  • РПИК «Дәуір»
  • Гете Институты
  • «Фолиант» баспасы
  • «Ақнұр» баспасы
  • Springer
  • Ғылым Ордасы
  • С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасы
  • «Ана тілі» баспасы
  • «Ан-Арыс» баспасы (Қазақстан Жазушылар Одағы)
  • «Қазақстан» баспа үйі
  • «Жалын» ЖШС
  • Литературный Агент
  • ICC+English
  • Kyrgyzstan
  • «Bichik»  Republic of Sakha (Якутия)
  • Universalist (Ресей)
  • Cultural Representation of Iran
  • Sozler – Nesriati (Түркия)
  • «Мектеп» баспасы
  • Виктори 121
  • «Атамұра» Корпорациясы
  • «Алматыкітап» баспасы
  • «Бастау» ЖШС
  • «LEM» баспасы
  • INTERPRESS
  • «Экономика» баспасы
  • Study Inn
  • «Көкжиек» баспасы
  • Polygon International
  • Brand Book
  • Жамбыл Қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжі
  • «Балбұлақ» баспасы
  • Қазақ Энциклопедиясы
  • «Шың - Кітап» ЖШС

Естеріңізге сала кетейік, AlmatyBookExpo халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ертең де өз жұмысын жалғастырады. Ертең «Қазконтент» әдеби порталының, «Алматыкітап» баспасы жаңа кітаптарының, А.П.Мамраимовтың «Ұлы Жібек Жолы» атты кітабының тұсаукесері болады деп жоспарланған.

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай