«Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер...»

«Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер...»

Көпті көрген ақсақалдарымыз төрімізден орын алған «жылан жылы – жайлы болады» деген болжамдарын ортаға тастап жатыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме дана қазақ, біз де лайым солай болғай деген тілек білдірейік.

Жалпы, патшалығын құрып, өз билігін қолына алған жыл иесі жылан туралы не білесіз? Біздің халықта тілі айыр жылан туралы ала-құла көзқарастар бар. Тамыры тереңнен бастау алатын Түркі жұртының ертегілері мен аңыздарында жылан киелі, жарылқаушы рух бейнесінде көрініс тапса, кемел ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаев: «Естілер де ісіне қуанбай жүр, Ел азды деп надандар мұңаймай жүр. Ала жылан, аш бақа күпілдектер. Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр» деп жаратпаған адамын ысылдаған жыланға теңейді. Сөйте тұра, үйге кірген жыланды өлтірместен, басына ақ құйып, құрметпен шығарып салады. Ал сіздің жыл иесіне деген көзқарасыңыз қандай? Ойыңызды ортаға сала отырыңыз.

Жылан - жұмбаққа толы тіршілік иесі. Қадым замандарда Желмаясына мініп "Жерұйық" іздеген Асан Қайғы атамыз бұл туралы «Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер...» деп бекер айтпаған. Оның бойында әлі де ашылмаған талай құпиялар бар секілді....

Осы орайда, біз өздеріңізге патша жылан туралы сіз білмейтін деректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

  • Әлемдегі ең алып жылан – анаконда. Оның ұзындығы 5 метрге дейін жетеді.
  • Әлемдегі ең ұзын жылан – тор көзді питон, ол 10 метрге дейін өседі.
  • Әлемдегі ең улы алып жылан – корольдық кобра. Оның мөлшері 6 метрге жуық. Кобра өзінен кішілерін ғана емес, өзімен мөлшерлес жылан түрлерін жеп қоя алады. Патша кобра үшін жемтігінің ұзындығы, көлемі маңызды емес, өзіне керегін алған соң, сыймағанын түкіріп тастай салады екен.

  • Ғылымға жыланның 2600-ге жуық түрі белгілі. Олар 12 тұқымдасқа бірігеді. Ең көбі – сарыбас жыландар, олардың 1500-дей түрі бар. Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататын: соқыр жыландар (1 түрі), айдаһарлар (2 түрі), сарыбас жыландар (12 түрі), сұржыландар (2 түрі), бозша жыландардың (1 түрі) 18 түрі белгілі.  Жыландар тек қана Антрактидада ғана мекендемейді.
  • Сыртқы құлақ (есту) тесігі және дабыл жарғағы болмайды. Сондықтан жыландар ауадағы дыбысты естімейді. Сезу қызметін тілі мен бір жұп Якобсон мүшесі атқарады. Якобсон мүшесі – кеңсіріктің ішкі жағындағы ауыз қуысына ашылатын, екінші ұшы тұйықталып біткен екі қуыс; бауырымен жорғалаушылар мен сүтқоректілерде болатын иіс сезу мүшесі.
  • Аяқтары жоқ, тек айдаhарда, ұршық тәрізді жыландарда, соқыр жыландарда, бүрме ауызды жыландардың кейбір түрлерінде ғана жамбас белдеуінің қалдығы мен артқы аяқтарының тырнақ тәрізді жұрнағы сақталған. Иық және жамбас белдеулерінің болмауына байланысты омыртқа жотасы бөлімдерге анық жіктелмеген: қысқа әрі жуан жыландарда омыртқасының саны – 141, ал ұзын әрі жіңішкелерінде – 435-ке жетеді.
  • Олардың ішкі  ағзалары бірінің астына бірі орналасады. Ас дұрыс қорытылу үшін жүрек бір жерден бір жерге ығыса алады.
  • Жылына бір рет көбейеді.
  • Кейбір жыландар бір туғанда 75 жыланды дүниеге алып келе алады.
  • Сіз бен біз жылан ысылынан қорқып жүрген болсақ, мексикалық бөбектер шөпқоректі жыландармен  ойнағанды ұнатады екен.

  • Жылан уының емдік қасиеті ХVII ғасырда белгілі болды. Франческо Реди деген адам мұны алғаш ашқан деген мәлімет бар. Ал жүз жылдан соң тағы бір итальяндық ғалым Фелисе Фонтане удың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, адам ағзасына әсер ету механизмін түсіндірген. Бүгінгі медицинаның басты белгісі болған символ – тілін сумаңдатқан жіңішке жылан XVI ғасырдан бастап қолданысқа енген. 
  • Африкалықтар өздерінің улы сарыбас жыландарын (гадюка) қалталы азаматтарға ғимараттарды қорғайтын күзетші қызметін атқару үшін жалға береді екен. Және аз пайда таппайтын көрінеді.
  • Жыландар айлар бойы нәр татпастан өмір сүре алады. 
  • Жылан туралы шешілмеген құпия: Британдық мұражай 1846 жылы шөл даладан екі жылан алып келеді. Оның бірі 1850 жылы тіріліп кетіп, тағы да екі жыл өмір сүрген екен.

Жалғасы бар...

Суреттер:ketejeva.blogspot.com,wpapers.ru,

dic.academic.ru,bse.sci-lib.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева