Шыбындар, қайда кеттіңдер?

Шыбындар, қайда кеттіңдер?

Әне-міне дегенше, қаламыз ақ көрпеге оранып сала берді. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жауып жатқан ақ ұлпа қардың қызығына батып жүр. Олардың бірі де ортамыздан күрт жоғалып кете барған тіршілік иелері туралы ойланар емес. Ал сіз ше? Ойландыңыз ба? Көктем, жаз, тіпті күздің алғашқы айларында құжынап, ызыңдап, мазаңызды алып жүретін, қантқа, тосапқа, тағамдарға тыныштық бермейтін қас дұшпанымыз шыбындар қайда кетті? Жылы жақтарға ұшып кетті дейсіз бе? Не дейсіз? Аюлар секілді қысқы ұйқының құшағында ма? Қателестіңіз. Сауалымыздың  жауабы төмендегідей болмақ.

Бәрінің себепкері - бір ғана табиғат. Немесе табиғат маусымдары. Көктем кетіп, жаз келеді. Жаз да қолын бұлғап, күзге кезегін береді. Дәл осы сәтте жаз бойы масайраған шыбын-шіркейлер де қыстың қамына кірісе бастайды екен. Оны өзіңіз де байқаған боларсыз, күзде олардың қатары сиреп кетеді. Олар ағаштардың қуысына, үйдің шатырларына жайғасады. Шыбындар осы мекенге жата қалып, ұйқыға басады екен деп ойлап қалмаңыз. Күн суытысымен, олар дернәсілге, қуыршаққа, имагоға айналып, сол жерде біржола қалып қояды.


Қыс айларында тірішілік процесі біржола тоқтап, анабиоз қалпына түседі. Ал күн жылысымен, жәндіктерге жан бітіп, қайтадан өз қалына келеді де, бұрынғы тіршіліктерін жалғастыра береді. Үй шыбындары шатырларға немесе терезе жақтауларына қыстайтын болғандықтан, бөлмеңіздің температурасы жоғары болса, тіршілігін жалғастыра береді.

Жүзгіш қоңыздар мен шегірткенің кейбір түрлері суда қыстаса, көбелектер жылы жақтарға ұшып кетеді. Олар көбіне АҚШ, Канада, Флорида, Орталық Америка, Куба жерлеріне қыстауға барады.

 Суреттер:liveinternet.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева