- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Шәй қалталары қателіктен...
Шәй қалталары қателіктен пайда болған
Қазіргі таңда көп адамдар шәй қалталарын пайдаланғанды жөн көреді. Өте оңай әдіс. Қалташаны шыны аяққа саласыз да, ыстық суды құясыз, бес минуттан кейін сусын дайын тұрады.
Білесіз бе, Томас Салливан болмаса, біз мұның бірін де жасап көре алмас едік. Және бірі қызығы, қалта шәйі қателіктен, кездейсоқтықтан туындаған.
Бәрі де былай басталды.
1904 жылы американдық көпес Томас Саливан тапсырыс берушілеріне шәй сорттарын жібек қалталарға салып беріп жіберуді бастаған. Әрбір қалтада бір шыныаяқ шәй демдеуге ғана жететін жапырақтар салынды. Бұл көпеске де, басқаларға да оңай болатын, ауыр қораптарды ешкім көтеріп жүргісі келмеді. Сатып алушылар осы шәй жапырақтары арқылы керектерін оп-оңай таңдайтын.
Кейіннен Томастың клиенттері осы әдісті ұнатып, жібектің ыңғайсыз екендігін айтады. Олар дәкемен орауды ұсынады.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Дрездендегі Teekanne атты фирма осы әдісті "ұрлап" алды. Олар майданға дәкеге оралған шәйді жіберіп отырды. Сарбаздар оған "шәй бомбасы" деген ат тақты, себебі, олардың арқасында кез келген уақытта, орын таңдамастан шәй ішіп алуға болатын.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жібек те, дәке де, мақта да ысырып тасталып, жапсырылған пергаментті қағаздар қолданысқа енді. Онан кейін фильтр қағаздарға көшті. Желім де қолданылмайтын болғандықтан, шәй дәмі жақсара түсті. Бұлардың тағы бір ерекшелігі – қораптағы қалталарға өңдеу нәтижесінде пайда болған жапырақтардың аяқ жақтарының қиындылары салынады. Жапырақтың бұл тұсында хош иістер мен пайдалы заттар көп кездеседі. Шәй қалталарының шыны аяққа және шәйнекке арналған түрлері де бар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:byaki.net