Ата-аналардың балаларына айтуға болмайтын сөздері

Ата-аналардың балаларына айтуға болмайтын сөздері

Ата-ана өз перзентінің алдындағы борышын орындауы, әдетте, тәрбие, оқыту, үйлендіру не ұзату, жұмыс тауып беру сынды жақтардан көрініс тауып жатады. Бұл барыстардағы ең маңыздысы, ұрпақтың өрелі адам болып қалыптасуында оның тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Ата-ана мен бала ортасындағы пікірлесу, түсінісу өте маңызды рөл атқарады. Ендеше балалар психологиясын арнайы зерттеумен айналысатын мамандардың пікірінше, мына сөздерді балаларыңызға айтпауыңыз керек екен.

  • «Тез оян, тұр орныңнан! Бүгін сабағыңды мұқият тыңда!» Баламен таң атар-атпастан бұлай сөйлесуге болмайды. Тіпті сөйлеспей-ақ қойыңыз. Жасөспірім ұйқысын аша алмай жатқанда бұлай айту дұрыс емес. Ең дұрыс шешім олармен бұл іс жайлы кешке сөйлесіңіз. Өйткені, балалардың психологиялық «сағаты» үлкендерге қарағанда ақырын соғады.
  • «Көзіме қара!» Баланың көзіне ежірейіп қарамаңыз. Ол мұны қабылдай алмайды. Ол тіпті сіздің көзіңізден ештеңені оқып біле де алмайды. Бұлай істегенде олардың ішкі әлемі сізге мүлде ашылмайды.
  • «Бүгін түстен кейін футболға бармайсың, біздің сөйлесуіміз керек!» Оның көңілін сергітуіне мүмкіндікті шектегеннен гөрі онымен бірге футбол ойнай жүріп сөйлесу әлдеқайда тиімді.
  • «Кімге арқаланып отырсың?» Баланың қатты айқайлап, дауыс көтеріп ата-анаға сөз қайтарып, қарсыласуы қалыпты жағдай. Оған қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Оның ойыны қанбай, іші пысқан болуы керек. Олардың дәл осы күйіндегі сөздеріне мән беріңіз, ол сіздің назар аударып тұрғаныңызды білсін. Қателігін тануға көмектесіңіз.
  • «Бүгін мектепте не істедің?» Мәселені жалпылама сұрамаңыз. Анық, ол ойланбай жауап беретіндей сұрақтарды қойыңыз, мысалы: «Әдебиет пәні бойынша жазған шығармаңа қандай баға алдың?» деген сияқты.
  • «Сенің бұлай ойлауың мүлде қате, оны былай істеу керек...» Олардың кішкентай ойының белінен баспаңыз. Өйткені, ол дербес ойлап отыр. Ақырын күтіңіз, ақылмен түсіндіріңіз. Ол бәлкім өз ойын жеткізе алмай отырған болар.
  • «Ақшаны беталды жұмсама!» Тақырып ауаны ұсақ-түйек дүниелерге ауып кетпесін. Олардың қызығатын дүниелері жайлы айтыңыз. Ақшаны осы тұрғыдан түсіндіру пайдалы.
  • «Келесіде шашыңды қысқа қылып алдыр!» Оларға айтқанымды орындатқызып, үстемдік жасаймын деп ойламаңыз. Айтқаныңызды бір рет, не екі рет жасайды. Сосын сіздің айтқаныңызды мүлде құлаққа ілмеуі мүмкін.
  • «Қолыңнан түк те келмейді екен! Мен сендей уақытымда...» Бала мен өзіңізді салыстыра көрмеңіз. Уақыт өте келе ол сізбен пікірлесуді қоятын болады.
  • «Сен не үшін кей істерді ақымақ адам сияқты жасайсың?!» Оның атқарған кей істерінен кейін бұлайша ашу шақырғаннан гөрі, «Жұмысты бұлай жасаудың сен жөнінен алғанда қандай мағынасы бар?» деп сұраған жөн.
  • «Мен көп сөйлеген жоқпын, сен неге түсінбейсің?» Кей істер жайлы қайта-қайта айта берудің қажеті жоқ. Оларға сеніңіз, өз жолымен жүріп көрсін.

Назарларыңыздағы ата-аналар мен балалар ортасындағы пікірлесу барысында туындаған қателіктерді мынадай төрт үлкен түрге бөлуге болады:

  1. Балаға бұйрық беру ауанында сөз айту;
  2. Оның өз тәуелсіздігіне, дербес ойлау қуатына және оның атқарған жұмыстарына мақтау айтып тұруға назар аудармау;
  3. Баланың қателігін қайта-қайта айтып, оны айыптау;
  4. Оларға үнемі түрлі талаптар мен жауапкершіліктерді жүктеу;

Бұл төрт түрлі қателік ата-ана мен бала ортасына үлкен кедергі қойып, оларды түсінуге, пікірін, ойын білуге мүмкіндік қалдырмайды. Ендеше, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың құлақтарына алтын сырға!

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: egemen.kz

M. Auelkhan