Мәңгілік махаббатты арқалаған құлыптар

Мәңгілік махаббатты арқалаған құлыптар

Махаббат құлпы – ғашық жұптардың өз махаббатының мәңгі екенін білдіру үшін көпірлерге, қақпаларға, тағы сол сияқты қоғамдық орындарда бекітетін құлыптар. Ал қала басшылары мұны қалаларды ластаудың, вандализмнің бір түрі деп есептейді, тіпті бұл құлыптарды алып тастау үшін де біраз қаржы бөлінеді екен.

Пайда болу тарихы

Махаббат құлыптарының пайда болу тарихы сәл ертеде, Бірінші Дүниежүзілік Соғыс жылдары Сербияның курорттық қаласы Врнячка-Баняда орналасқан Махаббат көпірінен басталған. Осы қалада мұғалім болып қызмет ететін Нада есімді қыз серб офицеріне ғашық болады. Соғыс басталғанда офицер майданға кетеді. Осылай, Грекиядағы соғыс кезінде Корфу қаласының бір әйеліне ғашық болып, сонымен қосылады. Бақытсыз махаббат Наданы әбден қалжыратып, біраз уақыттан соң өлім құшады.  Осы оқиғадан кейін Врнячка-Баня қаласының барлық әйелдері Нада мен офицердің жиі кездескен көпіріне барып,  өз махаббаттары мен жақындарын қорғау үшін тілек айтып, құлып салатын болған.

Еуропаның басқа елдерінде махаббат құлыптары 2000-шы жылдардан бастап кең етек жайған. Бұл дәстүр туралы алғаш рет италиялық жазушы Фредерико Моччияның 2006 жылы жарық көрген «Мен сені қалаймын» атты кітабында айтылады. 2007 жылы бұл кітап экрандалып, көрерменге жол тартты.

Париж, Франция:

Париж – бүкіл әлем мойындаған «махаббат қаласы». Осы қалада орналасқан «Өнер» көпіріне әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғашықтар махаббат құлпын салып, кілтін су түбіне тастайды.  Соңғы жылдары махаббат құлыптары бүкіл көпір сүйеуіштерін «жауып» тастаған, соның әсерінен көпірдің салмағы артып, бірнеше жері сынған болатын, тіпті, көпір астынан жүзіп өтетін кемелерге де зиян келтірген. Осы жылдың наурыз айында Парижде тұратын жас екі америкалық тұрғын махаббат құлыптарының көпірге қауіп төндіретіні және олардың ұсқынсыз көрінетінін айтып, петиция бастаған. Кейіннен, интернет беттерінде көпірдегі құлыптардың жалпы салмағы 40 тоннаны құрайтыны туралы ақпарат тараған болатын.  Нәтижесінде қала басшылығы құлыптарды алып тастауға бұйрық берген. Шекспир айтпақшы, «Махаббат хикаясы әрдайым бақытты бола бермейді».

Сеул, Оңтүстік Корея:

Кореяның Сеул қаласындағы Намсан телемұнарасы да ғашықтардың жиі келетін орны. Мұны корейлік мелодрамалардан да жиі көруге болады. Бұл жерде өз ғашығыңмен бірге түскен суретті жабыстырып, тілек жазатын арнайы орындар бар.

Мәңгілік махаббатты сақтайтын құлыптарға арналған шыршалар да орнатылған.

Сонымен бірге, нысанның қоршаулары да махаббат құлыптарына толы.

Монтевидео, Уругвай:

Уругвайдағы Монтевидео қаласында «Тәуелсіздік» алаңына жақын жерде ғашықтарға арналған субұрқақ бар. Осы субұрқақтың жанында ағылшын және испан тілінде жазуы бар мемориалды тақта орнатылған.

Ағылшынша нұсқасында «Бұл жас субұрқақ туралы мынадай аңыз бар: құлыпта екі ғашықтың есімдері жазылып, екеуі субұрқаққа бірге баруы тиіс, осыдан кейін олардың махаббаттары мәңгілік болады» деп жазылған.

Мельбурн, Аустралия:

Махаббат құлыптары Мельбурн қаласына да барып үлгерген. Бірақ билік өкілдері бұл үрдіске қарсы шықты. Аустралияның Қоршаған Ортаны Қорғау Министрі Грег Хант мұндай беделді қалада көше сәнін құртатын құлыптардың болуы дұрыс емес деп есептейді.

Тайчун, Тайвань

Тайваньда махаббат құлыптарын теміржол өтпелеріне жұбымен бірге қадайды. Бұл елде мұндай құлыптарды «Тілектерді орындайтын құлып» деп атап кеткен.

Бұл атауға түрткі болған жергілікті тұрғындардың сенімі мынадан шыққан: пойыз теміржолмен өткен уақытта магниттік өріс пайда болады. Магниттік өрістер құлыптағы тілектердің орындалуына әсер ететін энергия шығарады дейді.

Алматы, Қазақстан:

Алматы қаласындағы көпірлерге құлып салу дәстүрі ғашықтар арасында кеңінен таралып жатыр. Мұның айғағы Есентай жағалауындағы құлыптар.

Бұл жаққа сүйген жандар арнайы келіп, көпірдің темір тұтқаларына өздерінің есімдері қашап жазылған құлып тағып кетеді. Құлыпты көпір тұтқаларына бекіткен соң, екі ғашық өз сезімдерінің куәгері болып тұрған суға кілтті лақтырып жібереді.

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: dailymail.co.uk, citypics.ru, flickr.com, seoulstateofmind.com, imgur.com, thelocalist.com және ©Айгерім Сматуллаева

Y. Smaghul