Дүниенің арғы бетіне барған адам

Дүниенің арғы бетіне барған адам

Ертеде, бәлкім тым ертеде болмауы да мүмкін, бірақ, ХХІ ғасырда емес, қаладан алыс ауылдардың бірінде арманы үлкен қарапайым жігіт өмір сүріпті. Ол жатпай-тұрмай теңізді армандайды екен. «Теңізге барсам, теңіздің арғы бетіне барсам, жал-жал алып толқындарды бағындырып, ұлы мұхитта жүзіп бара жатсам» деп армандайтын көрінеді. Ең өкінерлігі – оның дәрмені жоқ еді. Қолында ақшасы, қорасында малы жоқ. Дегенмен оның осы сапарына деген сенімі тастан берік еді. Ол ақыры қалаға келді. Қалада жүріп, қалталы кісілердің біріне жолықты. Ашық-жарқын әңгіме үстінде жігіттің ойын білген әлгі кісі қарқылдап ұзақ күлді. «Сен мұнда не істеп жүрсің?» деп сұрады бай одан. «Ақша тауып, теңізге барамын, теңіздің арғы бетіне барамын» деп өршеленді жігіт. Бай күлкісін басып: «Сен неменеңе жетісіп, неңе сүйеніп ол жаққа бармақсың? Менің де ол жаққа баруды ойлап жүргеніме бірнеше жыл болды. Бірақ шаруасы құрғыр таусылмайды, қол да босамайды күйбең тірліктен. Сен сияқты кедей кісі теңіздің арғы бетіне, дүниенің екінші шетіне жеткенше, аштан өліп қалар. Одан да наныңды дұрыстап тауып жеп жүр!» деп ақыл айтты.

Жігіт көзі жасаурап: «Мен дүниенің арғы бетіне міндетті түрде барамын!» деді.

Бірнеше жылдан соң, олар аяқ астынан қаланың шулы көшелерінің бірінде жолығып қалды. Бай баяғы кейпінен өзгермеген. Әлі мұрынына су жетпей, қарбалас тіршілік қамымен шапқылап жүр.

«Қайдан жүрсің, батыреке?!» деді бай.

«Дүниені шарлап, әлемнің арғы бетін көріп келдім» деген жігіт қолындағы альбомын көрсетті. Қалталы кісі оның бетіне ажырая қарап, теріс айналып жүре берді.

Жүрегінде арман-мұраттың болуы бір басқа, сол арман-мұратты жүзеге асыра білу екінші басқа кісіліктің көркі. Біз өмір сүген қоғамдағы адамдардың жоспарлары айтып тауысқысыз. Жыл сайын айтады, кешкі астан кейін айтады, саябақта серуендеп жүріп айтады. Бірақ сол айтқандарын жүзеге асыруға әрекет жасап, талпынып жүрген кісінің қарасы аздау. Тіршіліктің күйбеңі жұтты, қу өмір қол-аяқты тұсады деген сылтау сол әркімнің-ақ аузынан естіле береді. Бай кісінің, өз айтқанын жүзеге асыра алатын кісінің аузындағы сөз, ойындағы жоспары сол құр қиял күйінде қалып қойды, ал талпынысы ғана бар кедей жігіттің ойындағысы көп өтпей, жүзеге асты. Ол жарқын күнінің мәні болған балалық арманын жүзеге асырды. Өмірін нұрға толтырды.

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nicpic.com

M. Auelkhan