- Негізгі бет
- Сән
- Өз иіссуыңызды таптыңыз...
Өз иіссуыңызды таптыңыз ба?
Түрлі жарнамаларға сенер болсақ, иіссулар бізді романтикакалы, өз-өзіне сенімді, арманшыл, өмірсүйгіш әрі сұлу болып көрсетеді екен. Сондай-ақ, ел аузында әркімнің өзіне тән табиғи иісімен қатар, өзіне тән иіссуы бар деген әңгімелер аз айтылмайды.
Өз иісіңізді табуда ешкім сізге дөп басып кеңес бере алмайды. Және саны бар, сапасы жоқ иіссулардың арасынан өз таңдауыңызды жасай салу да оңай емес. Олай болса, өз иіссуыңызды қалай табасыз?
Журналдардағы жарнамаларды мұхият қарап шығыңыз: бұл сізге иіссулардың мінезін түсіндіреді (мәнерлі немесе салмақты, табиғи немесе талғампаз, сезімтал немесе суық, спорттық немесе романтикалық т.б)
Психолог мамандар иісті адамның бет-ажарымен емес, мінез-құлқымен бекер байланыстырмайды. Өйткені, біздер иіссуды өзімізді қалай қабылдайтындығымызға және қандай болып көрінгіміз келетіндігіне қарай таңдаймыз.
Мамандар ұсынған төмендегі мәліметтерге сүйене отырып, өзіңіздің мінезіңізге үйлесетін иіссуды таңдап көріңіз:
• егер, сіз оптимист, жайдарлы, белсенді болсаңыз, балғын, цитрусты, гүлді иістер сай келеді;
• егер, сіз ішкі жан тыныштығыңыз бен үйлесімділікті бағалай білетін, жалғыздықты ұнататын, салмақты болсаңыз, шығыстық иістерді таңғдағаныңыз жөн;
• егер, сіз сезімтал, уайымға берілгіш, арманшыл және романтикаға жақын болсаңыз, альдегидті-гүлді иістер сай келеді.
Ескере кететін жәйт, қазір көпшілік «өз иісін» мәңгілікке таңдамай, сол сәттегі көңіл-күйіне, маусымға, тәулік уақытына байланысты шешім қабылдап жатады. Мәселен, жаздың жаймашуақ күндерінде көк шалғынның, цитрус тұқымдастардың, нәзік гүлдердің, яғни табиғи иістерді, ал қыстың ызғарлы күндерінде өткір, шығыстық ауыр иістерді таңдаған жөн.
Өзіңізге қажеттіні таңдаған болсаңыз, дүкенге кеттік! Иіссуды сатып алуда қателікке ұрынып қалмас үшін, біз сізбен бірге боламыз.
Ереже бойынша, иіссудың иісін тексеру үшін оны білегіңізге немесе мойныңызға емес, қағаз кесіндісіне сеуіп, иіскеп көріңіз. Сеніңіз, қағаз кесінділері дүкендердегі арнайы поролондардан әлдеқайда дұрыс болмақ.
"Жылтырағанның бәрі – алтын емес" демекші, ұнаған иіссуды сатып ала салмаңыз. Қағазды өзіңізбен әкетіп, иістің қалай өзгеретіндігін бақылаңыз.
«Өзіммен бірге ме? Уақытым жоқ!» деп бұртиып жатқан да боларсыз, ашуланбаңыз! Мұның да өз себептері бар.Алғашқысы – әртүрлі хош иістер жайлаған дүкенде сіз өзіңізге керекті иістен шатасып қалуыңыз әбден мүмкін. Екінші себеп, иіссу иісінің үш сатысы бар екендігі дәлелденген: бастапқы, негізгі және қалдық. Сіздің алғаш сезгеніңіз – бастапқы, ал 15-20 минуттан соң пайда болатыны – негізгісі болса, 15-20 сағаттан соң оның нағыз иісін білуге болады. Егер, иіссудың сапасы нашар болса, иіс мүлде жоғалып кетеді.
Қалай болғанда да «өз иісіңізді» табуда ішкі түйсігіңізге сенім артқаныңыз жөн. Өзіңізге ұнайтын хош иісіңізбен айналаңыздағыларды қуантып жүргенге не жетсін!
Суреттер:klubkrasoti.ru,coffestory.ru,,fashionforyou.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева