"Әлем аруы-2012" байқауына қазақстандық Евгения Клишина қатысады

"Әлем аруы-2012" байқауына қазақстандық Евгения Клишина қатысады

Қазақстандық вице-мисс Евгения Клишина «Әлем аруы» байқауына ұлттық көйлекпен барады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Көйлекті жас дизайнер Арсен Әлімжанов тіккен және ол оның ресми өкілі болып табылады. «Біздің көйлегіміз ақ-көк гаммада жасалған. Корсет гаухар тастармен көмкерілген. Белдемшесі кең, 20 қабат тордан тұрады. Ал ұлттық оюлармен көркемделген күміс диадема образды толыққанды етіп тұратын болады» - деді модельер. Қазақстандық арудың екінші көйлегі ашық қызыл кешкі көйлек. «Ол гипюрден тігіліп, Swarovski тастарымен көмкерілген. «Құмсағат» бейнесінде жасалған» - деп қосты Әлімжанов.



25 жасар Клишина "Әлем аруына" арнайы нөмір дайындап барады. "Ол "Күн мен түн. Жақсылық пен жамандық" атты балет элементтері қосылған би дайындап бармақ. Байқауға 2,5 ай дайындалдық. Евгения арнайы шақырылған ұстаздармен күніне бірнеше сағат биге дайындалды", - деп қосты өкілі.

"Қатты толқып жүргендіктен түнде ұйықтай алмаймын. Қазір күн тәртібім тығыз. Бірақ биік дәрежедегі байқауда Қазақстанның абыройын қорғауды маған тапсырғанына өте қуаныштымын. Менің ең басты мақсатым – өз елімді абыроймен көрсете алсам деймін. Мен Қазақстанды дамып келе жатқан, заманауи ел ретінде көрсеткім келеді", - деді Қазақстанның бірінші вице-мисі.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша 62-ші "Әлем аруы-2012" байқауының ашылу салтанаты 24 шілде күні Ішкі Моңғолияның (Солтүстік Қытайдағы автономиялық аудан) Ордос қаласында өтеді. Финал 18 тамызда деп жоспарланып отыр. Байқауға әр елден 120 қыз қатыспақшы.

Айта кетейік, былтыр «Әлем аруы» байқауында қазақстандық Жанна Жұмалиева "Үздік топ-модель" атағына ие болды және де әр елден қатысқан 122 қыздың ішінде ең әдемі Топ-15 қыздың арасына кірген еді.

Суреттер: tengrinews.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina