Балеткалар

Балеткалар

Балетка – бұл өкшесіз, басы дөңгеленіп келетін әйелдердің әдемі аяқ киімі. Түр-сипаты жағынан балет бишілерінің аяқ-киіміне ұқсас болғандықтан аты да солай аталып кеткен. Алайда бишілердің пуанттарына сырттай ұқсағанмен өнерге еш қатысы жоқ, жай ғана көшеге киюге арналған аяқ-киім.

Тарихы

Қазіргі балеткаларға ұқсас аяқ-киімдерге сән Джейн Остин мен Наполеон жылдары кезінде пайда болған. Көбіне мұндай аяқ-киімдер атлас лентамен аяққа байланып, кәдімгі пуанталарға қатты ұқсайтын.

Бертін келе итальяндық аяқ-киімдер дизайнері Сальватор Феррагамо Одри Хепберннің нәзіктігі мен көріктілігінен нәр алып, оған арнайы аяқ-киім тігуді жөн көреді. Одри кішкентай дөңгелек өкшелі, ыңғайлы аяқ-киімді қатты ұнатып, актрисаның күнделікті әмбебап аяқ киіміне айналады. Осылай балеткалар біртіндеп әлемге таралады. Айтпақшы, Salvatore Ferragamo сән үйінің Одри Хепбернге арнайы жасап шығарған балеткалары дәл солай «Одри» деп аталған.

Қазіргінің балеткалары

Соңғы жылдары балеткалар өте танымал және барлық дизайнерлердің сән коллекцияларына кіреді. Теріден жасалған, матадан жасалған, резиналы, басы дөңгелек немесе ашық, түрлі тастармен, бантпен, оюлармен әшекейленген – небір модельдері жетіліп-артылады.

Бірақ балеткалар сәннен кетпейтін сияқты және бұл бекер емес. Осындай ыңғайлы, әрі әдемі аяқ-киімнің арқасында қыздар іскер әйелдің образын, не романтикалық образ жасаймын деп бірнеше сантиметрге тұрып, аяқ ауыртуды қажет етпейді. Сонымен қатар, бұл ыңғайлы аяқ-киім қимыл-қозғалысқа жеңілдік пен тездікті қосады.

Немен кию керек?

Балеткалардың әмбебаптығы соншалық, кез келген стильдегі киімдермен кие беруге болады. Теріден жасалған, түрлі әшекейлермен көмкерілген балеткалар салтанатты кешке арналған образға дәл келеді. Күнделікті офистік стильге бір түсті, ешқандай әшекейсіз балеткалар жарайды. Шортымен, көйлекпен, юбкамен немесе джинспен – балеткаларды қандай киіммен кисең де күні бойы еш жайсыздық сезінбейсің.

Ең бастысы, балеткалар жаңа босанған немесе аяғы ауыр келіншектерге ұтымды шешім: бауын байлау үшін еңкеюдің қажеті жоқ, ал жұмсақ тері аяқты қыспайды.

Суреттер: smiw.ru, passion.ru, spletnik.ru, vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina