- Негізгі бет
- Сән
- Сәннен қалмайтын бретондық...
Сәннен қалмайтын бретондық жолақ
Ақ-көк жолақ әрдайым трендте болмаса да, ешқашан сәннен қалмайтын әмбебап өрнек болып табылады.
Бретондық жолақ – сән тарихындағы ең көне (осы күнге дейін жеткен) және танымал өрнектердің бірі болып табылады. Теңіз және Франциямен байланыстырылатын бұл өрнек бүгінде әр қыздың гардеробында болуы тиіс деп есептеледі.
Бүгінгінің көптеген сәнді бөлшегі сияқты бретондық жолақтың тарихы әскерилер мен жұмысшылардың дәуірі, сонау ХІХ ғасырдан бастау алады. Сол кездері Бретани (Францияның солтүстік-батысындағы түбек, атауы да осыдан шыққан) француз теңізшілері жолақ форма киюге мәжбүр болған.
Бастапқыда жемпірде 21 жолақ болған, бұл Наполеон флотының 21 жеңісін білдірген деген болжам бар.
Бретондық жолақты ең бірінші болып Saint James компаниясы тіге бастаған. Ол құбылмалы ауа райынан қорғайтын балықшыларға арналған дәстүрлі жүнді және мақта маталы жемпірлер тіккен. Ал уақыт өте келе компания француз теңіз флотын формамен жабдықтаушы басты өнеркәсіпке айналады. Saint James белгісі бүгін де өз жұмысын жалғастырып келеді және бретондық жолақты киімдердің ресми өкілі болып саналады.
Бретондық жолақ пен сән
Бретондық жолақтың жұмысшы таптан сәнқойлардың қатарына ХХ ғасырдың басында қосыла бастайды. Бұған бірден-бір себеп болған – Коко Шанель. Ол Француз жағалауына жасаған сапарында осы өрнекке ерешке назар аударып, ақсүйектердің сәніне кіргізеді.
Бретондық жолақ 50-ші жылдарда кең таралып, тіпті өнер майталмандары арасында сәнге айналды. Сол заманның жұлдыздары Джеймс Дин, Пикассо, Одри Хепберн, Мерлин Монро, Брижит Бардо, Энди Уорхол, Курт Кобейн, Жан-Поль Готье және тағы басқалар жолақты киімнің насихаттаушыларына айналды.
Готье үшін жолақты киім сүйікті киімдердің біріне айналды: «Маған жолақтың графикалығы мен архитектуралық бейнесі әрдайым ұнап келген. Анам әрдайым маған жолақты жемпір кигізетін: олар бәріне жарасады, сәнді және болашақта да сәннен шықпайды деп ойлаймын» деген екен бір сөзінде.
Дәстүрлі жемпір, футбола болсын немесе қалпақ, шарф болсын, әркім өз гардеробында жолақты бұйымды қоса алады. Бретондық жолақ тіпті джинсамен пара-пар десе болады. Қарапайымдылығына қарамастан, ол көптеген киіммен үйлесіп, сәнді де салтанатты бейне жасауға көмектеседі.
Сурет: my.goodhouse.com.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина