- Негізгі бет
- Сән
- Алтынай Жорабаеваның стилі...
Алтынай Жорабаеваның стилі
Отандық эстрадамызда өзіндік ерекше даусы бар, сүйікті жар, төрт қыздың анасы Алтынай Жорабаева үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де, ән айтып та үлгереді. Оның бұл қасиетін сегіз қырлы деп айтуға болатын шығар. Мұнымен қатар әнші талғаммен киініп, бұрымын ерекше күтеді. Олай болса, кезекті материалымызды әншінің тыңдармандардың көңілінен шығып жүрген ерекше стиліне арнаймыз.
Алтынайды нағыз қазақ келіні деп айтсақ жаңылмаспыз. Талғамсыз, ашық-шашық киінгенін байқамаймыз. Әрдайым ұстамдылық танытып, орнымен сөйлейді. Күліп, еркелеуінің жөні бір бөлек.
Алтынайдың көп киімі қара, қызыл түсті. Қара түс - дене пішінін жинақы етіп көрсетсе, қызыл түс адамның өзіне сенімді екенін байқатады. Мұнымен қатар киімнің ешқандай принтсіз, суретсіз болуы адамды арық етіп көрсетеді.
Әнші әдетте ұзындығы еденге жететін, мойын тұсы жабық көйлек киеді. Әрі оны өкшесі биік бір түсті аяқ киіммен толықтырады. Үстіндегі киімнің белдігі мен гүлі сынды қосымша айқындағыштары көріну үшін шашын жинап қояды. Ұзын көйлек пен биік өкшелі аяқ киім аяқты визуалды деңгейде ұзарта түседі.
Әнді жүрегімен сезініп айтуды жөн көретін әнші қызыл мен қара түсті киімдерді күнделікті өмірде де кигенді ұнатады. Ал күн көзінен қорғайтын әйелдерге арналған тамшы көзілдірігі бет пішінін визуалды деңгейде ұзартып тұр.
Қызыл түс адамның энергияға толы екенін көрсетеді. Өмірлік күшті, белсенділікті, нәтиже, сәттілікке қол жеткізу үшін барлық мүмкін болған талпынысты, бейімділікті, албырттықты, жеңіске деген жігерді, құлшынысты білдіреді. Бұл түсті таңдағандар - кез келген қиындыққа мойынсұнбайтын, күрескер, батыл келеді.
Сәнді алқызыл көйлек кез келген әйелге жарасады. Ол романтикалық әрі нәзік түс.
Ұзын көйлек әрдайым сәнде болатындықтан, дизайнерлер жыл сайын оны жаңаша безендіруге тырысады. Ұзын көйлек тігу үшін жібек, атлас, шифон, барқыт маталар таңдалады. Оны көп жағдайда белді айқындай түсу үшін киеді. Әншінің қазақи болмысын Парижде жүріп те танытып жүргені тыңдармандарын қуантады.
Мойын түсі ашық киімді көлемді аксессуармен толықтыруға болады. Ең бастысы ол аксессуардың түсін киіммен үйлестіре білу керек. Мысалы, суреттегідей қызыл кеудешеге қара немесе қызыл түстісін, алтын әшекей таңдауға болады.
Гүлді суреті бар көйлек көктемнің басты сәні болды. Мұнымен қатар принттің түрлісі бар: гүлдер анық немесе бұлыңғыр болуы мүмкін. Ол визуалды деңгейде адамды толық етіп көрсететіндіктен, арықша адамдар кигені абзал.
Автор: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Алтынай Жорабаеваның вк желісіндегі парақшасынан
Қ. Бүйенбай