Жіңішке аяқты жасыратын киімдер

Жіңішке аяқты жасыратын киімдер

Жіңішке аяқ – мүсін кемшілігі деуге келмес. Бірақ көп қыз осы мәселеге бас қатырып, пішіндерінің ерекшелігін барынша жасыруға тырысады.

Жіңішке аяқты жасыру қиын емес. Киім-кешекті дұрыс таңдаған жағдайда сырт көзге аяқтарды толық етіп көрсетуге болады. Қалай дейсіз ғой?

Көйлектер мен белдемшелер


Жіңішке аяқты қыздарға мини-белдемшелер мен қысқа көйлектер жарасады. Алпысыншы жылдардың сәнін еске түсіріңіз: ол кезеңдерде жеткіншекке ұқсаған әйелдер сұлу болып көрінетін. Сонымен қатар, мини-белдемшені ашық түсті колготкімен үйлестіру де жақсы нәтиже береді.

Қазіргі таңда сән әлемі жіңішке аяқты қыздарға түрлі үлгі ұсынады. Қысқа көйлек немесе туникалармен тыртысып тұратын шалбарлар киюге болады. Сонымен қатар қалың легинсылардың да түр-түрі бар.

Таңдаған аяқ киіміңізге де көп нәрсе байланысты. Жіңішке тобықты ботильонмен жасыруға болады.

Ұзын белдемшелер мен көйлектер жіңішке аяқты жасыратыны айтпаса да түсінікті. Алайда мұндай үлгі күз бен қыс мезгілдерінде ыңғайсыз. Өліара кезеңде тізеге дейінгі белдемше мен ашық түсті шұлық-етікті таңдаған дұрыс.

Шалбарлар мен колготкілер


Әрине, жіңішке аяқты шалбармен жасыру – ең оңайы. Алайда стрейч шалбарлар мен қысқа «сыбызғы» шалбарларды ұмытқан жөн. Мұндай шалбарлар кемшілігіңізді, керісінше, айқындап тұрады.

Жіңішке аяқты қыздардың есінде болсын: шалбар таңдағанда ұзын және кеңірегін таңдаған жөн. Яғни түзу келген үлгілер, клештер, афгани үлгілер және т.б.

Таңдалатын шалбарлардың матасы қатты және түкті (твид, барқыт, жүн) және ашық түсті болғаны ләзім. Колготкілер, легинстердің де ашық түстілерін таңдауға тырысыңыз. Оларды қысқа трикотаж көйлектермен немесе туникалармен кие аласыз.

Жіңішке аяққа қысқа джинсы, шалбар және шортыларды абайлап кию керек. Мұндай үлгілер аяқтың кемшілігін көрсетіп тұрады. Алайда ашық түсті қысқа шалбарларды гардеробтан мүлде алып тастау қажет емес. Егер оны ұзын ашық түсті етікпен үйлестіре білсеңіз, жіңішке аяқты жасыруға болады.

Тағы бір нұсқа – шалбардың балағын ұзын етікке салып кию. Трикотаж ұзын жемпір немесе жылы туникамен кисеңіз пішініңіздің кемшіліктерін жасыра аласыз.

Аяқ киімдер мен гетрлер


Тоқылған гетрлер мен гольфтер сырт көзге аяғыңыздың жуандығын түзеп көрсетеді. Әрине, егер мұндай киімдер бейнеңізге сай келіп тұрса. Гольфтердің көлденең жолақтары бар ашық түстілерін таңдаңыз. Осылайша тізе мен тобық біраз толық көрінеді.

Ұзын етіктер аяқтарды сырт көзге толықша етіп көрсетеді. Аяқ киімнің көлденең бөлшектері болса тіпті жақсы. Барынша ашық түсті үлгілерді таңдаңыз.

Сымбатыңызды жіңішке аяқ құртып тұр десеңіз – қателесесіз. Жарасымды киім таңдасаңыз пішініңіздің кез келген кемшілігін жасыра аласыз.

Сурет: super-lady.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina