- Негізгі бет
- Сән
- Аксессуар таңдаудың үш...
Аксессуар таңдаудың үш ережесі
Ең басты мәселе - сіздің таңдаған аксессуарыңыз үстіңіздегі киімнен тым арзан көрінбеуі тиіс. Бір ғана қате таңдалған бұйым сіздің сыртқы келбетіңізді толықтай өзгертіп жібере алады. Сондықтан, сәнді көрінгіңіз келсе, аксессуарыңызға атүсті қарамаңыз. Нәзік гүлді көйлек киіп алып, қолыңызға темірден жасалған дөрекі білезікті тағып алсаңыз, өте жарамсыз көрінеді. Сондай-ақ, үстіңізде қымбат тон бола тұра, қолыңызға іші затқа толы тым үлкен сөмке ұстасаңыз, бағалы ішігіңіздің құны бір тиынға да тұрмайтыны анық. Ішікпен бірге кішкентай көлемді сөмке ұстаған абзал.
Ал бағасы қымбат, көзге тартымды көрінетін көлемі кішкентай аксессуарлар қарапайым образды жарқырата түсуі мүмкін. Бастысы – сәйкестік. Тек бағалы киім киетін адам болып көріну үшін соңғы үлгідегі брендтен шүберек алу міндетті емес. Киіміңіз талғаммен таңдалған өзіңізге жарасымды болып, ал аксессуарыңыз бағалы болса болғаны. Ол үшін сөмке, аяқ киім, қол сағаты, білезік, орамалдарыңыз сапалы брендтерден болуы керек. Бұл ұсақ-түйектер сұлу болып көрінуге бірталай үлесін қоса алады.
Екіншіден, аксессуардың саны мен көлемі де өте маңызды мәселе. Осы жылдың сәнді аксессуарларын атағанда, көлемі үлкен сақина-сырғалар тағы сәнді болмақ деген болатынбыз. Бірақ көлемді сақина немесе алқа тағатын болсаңыз, олардың санына көңіл бөліңіз. Яғни, әшекейлерді үсті-үстіне іле беру дұрыс емес.
Және үшінші ережеге аксессуар тағу әдебі жатады. Қызылды-жасылды моншақтар тағып, іскерлік кездесуге, не болмаса емтихан тапсыруға келсеңіз, шектен тыс назарға ілігесіз. Сондықтан, аксессуарды таңдамас бұрын, бара жатқан орын мен ортаны және өз мақсатыңызды айқындап алыңыз.
Сурет: nemezolda.ru
М. Оңғарова