- Негізгі бет
- Сән
- Көктем – 2013:...
Көктем – 2013: Сәнді аяқ киімдер топтамасы
Көктем... Қыздар үшін бұл жаңару мен жайнау кезеңі. Қабат-қабат киімдерді, қалың етікті шешіп, жаңа, сәнді, жұқа, түрлі-түсті киім кигенге не жетсін? Осы орайда, өзіңізге жаңа аяқ киім алуға ниеттеніп жүрсеңіз, осы маусымдағы ең сәнді трендтер мен түстерді біле жүріңіз.
Көктемгі гүлдер
Көктемді сездіретін бірден-бір тренд – гүлдер. Гүлді принттермен көйлектер, сөмке мен аксессуарларға қоса, гүлмен өрнектелген аяқ киімдер де сәнде. Дизайнерлер ұсынған нұсқаларда гүлдерге қоса, жарқын түстер, биік өкшелер мен платформалар бар.
Жарқын түстер
Көктемде кемпірқосақтың барлық түстері, әсіресе, барлығын бірге қолдану сәнді болады. Жарқын, "неон" түстері: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк пен күлгіннің жарқын түрлері аяқ киімде орын алуда. Жарқын түсті туфли осы маусымда сізде міндетті түрде болуы тиіс. Келбетіңіздің бұндай бөлігі сізді де, басқаларды да қуантып, көңіл-күйді көтереді.
Жылан терісі
Көктемде "жылан терісі" аяқ киімі де трендте болмақ. Жылан жылы сәнге өз ықпалын берген сияқты. Ботильон, туфлидегі бұндай принт сізді бір сәтте тартымды, сәнді қылады.
Биік платформа
"Платформа" өкшесі күннен-күнге танымалдылыққа ие болуда. Дизайнерлер бұл маусымда барынша биік платформаны таңдауға кеңес береді. Әрине, бұндай аяқ киіммен жүріп үйрену керек. Алайда бұл биік өкшеден әлдеқайда оңай.
Сәнді кроссовкалар
Кроссовка тек спортпен шұғылдану үшін керек деп кім айтты? Ыңғайлы да сәнді киінетін қыздарға мынадай танкеткадағы кроссовка таптырмас шешім. Бір жағынан ол қарапайым кроссовкалар сияқты ыңғайлы, екінші жағынан биік, әрі сәнді.
Ыңғайлы балеткалар
Күнделікті киюге болатын ыңғайлы балетка не мокасиндеріңіз дәстүрлі пішінді, қара түсті ме? Қарапайым заттың өзін түрлендіріп, жарқын түстісін не ерекше пішінді түрін таңдаңыз.
Дәстүрлі қара туфли
Қара түсті дәстүрлі туфли әр қыздың гардеробында болуға тиісті. Іскерлік кездесуге де, жұмысқа да, сабаққа да, кешкі отырыстарға да киіп баруға болатын бұл әмбебап аяқ киім сіз үшін тым қарапайым болса, ерекше ұсақ-түйектері бар түрлерін таңдаңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: miraton.ua
С. А