- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ауа ылғалдандырғыш не...
Ауа ылғалдандырғыш не үшін қажет?
Бір қарағанда ауа ылғалдандырғыш түкке қажетсіз құрылғы сияқты. Және ауаның ылғалдығы біздің жайлылығымыз бен хал-жағдайымызға қаншалықты маңызды екенін ойланбаймыз.
Тым құрғақ ауа ағзаға ауа енуін қиындатады, шырышты қабықтың құрғауын, шаш пен тырнақтың сынғыштығын, ағзаның жалпы әлсіздігін, терінің тез қартаюын тудырады. Бір қарағанда аса білінбейтін ауа ылғалдандырғыш денсаулығымызға жақсы әсер етеді.
Құрғақ ауа неге қауіпті?
Адам өзін үйде жайлы сезінуі үшін ауа ылғалдылығы 40-60% шамасында болуы керек. Алайда қыс мезгілінде оның деңгейі 25-30%-дан аспайды. Бұл қыздырғыш құрылғылар мен жылыту радиаторларының ауаны құрғатып жіберетінен болады. Істеп тұрған теледидар, газ плитасы, кондиционер мен басқа да тұрмыстық аспаптар ауадағы ылғалды сорып алады.
Ауа ылғалдылығы қалыптан тыс төмендеп кеткенде ағза ылғалдан айрыла бастайды. Тіпті ересек дені сау адамға ылғал жетіспегендіктен басы ауырып, жұтқыншағы құрғап, зейін қою мен еңбекке қабілеттілігі төмендейді. Тым құрғақ ауада шаң-тозаң белсенді тарайды. Бұл адамның аллергиялық реакциясын тудырады.
Ылғалдылығы төмен климат әсіресе кішкентай балаларға қауіпті: ол тері мен шырышты қабатты құрғатып, демалуын қиындатып, қорғаныш қасиетінен айырады. Бұдан өзге бүйрек қызметі нашарлап, дисбактериоз тууы мүмкін.
Өкінішке орай, аквариум де, субұрқақ та, ашық терезе де ылғалды қалыпты деңгейге көтеруге мұршасы жетпейді.
Жағдайды құтқаруға және адамға пайдалы оптималды климат жасауға арнайы құрылғы – ауа ылғалдандырғыш көмектеседі.
Ауа ылғалдандырғыштың пайдасы
Ауа ылғалдандырғыш қызметі үй-іші адамдарына жақсы әсер етеді: балалар мен ересектер сирек ауырады, тері жұмсарады, қартаюдың алдын алады. Ылғалдандырылған ауа тарайтын жерде вирустық белсенділік төмендейді, сол себепті ӨРВИ және ӨРА-ға шалдығу мүмкіндігі төмендейді.
Ауаның қалыпты ылғалдылығы бөлме өсімдіктеріне де жақсы әсер етеді. Көбіне олардың отаны тропиктік жерлер болғандықтан құрғақ климатқа төзе алмайды. Ауада ылғал жеткілікті болған жағдайда өсімдіктер белсенді өседі, сарғаймайды және мол гүлдейді.
Ылғалдың оптималды деңгейі үйдегі ағаш және қағаз бұйымдарға да қолайлы. Сонда жиһаз, паркет, кітаптар, құжаттар, суреттер, картиналар мен жиектемелер, музыкалық аспаптар құрғамайды, мезгілінен ерте жарықшақтанбайтын болады.
Келесі мақаламызда ауа ылғалдандырғышты қалай таңдау керектігін айтып, оның түрлеріне тоқталамыз.
Сурет: million-sovetov.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina