Сабынды үйде жасап үйренейік

Сабынды үйде жасап үйренейік

Үй жағдайында сабын қайнату – өте жағымды және шығармашылық процесс. Себебі, сіз оған өзіңіз қалаған қоспаларды қосып, кез келген рецепт бойынша дайындай аласыз. Сізге тіпті өзіңіздің жеке рецептіңізді ойлап тауып, дайын өнімге кез келген түс пен түрлі пішін жасауыңызға болады. Қысқасы, өз қиялыңыз жеткенше жасай бересіз. Ал сабын қайнату процесі әркімге де ләззат сыйлайтыны сөзсіз.      

  Сабын жасау үшін не қажет?

- Үккіш.

- Ыдыс.

- Екі кастрөл (үлкен және кішкентай).

- Дүкенде сатылатын арнайы сабынды негіз (орнына бояу мен қоспасыз балалар сабыны жарайды)

- Сабынды массаны езуге таза су немесе шөп қайнатпасы.

- Негізгі май (бадам майы, өрік, шабдалы, кокос және зәйтүн майы тб.)

- Глицерин және Е дәрумені. Бұларды кез келген дәріханадан табасыз. Және шынымен сапалы әрі пайдалы табиғи сабын дайындағыңыз келсе, бұларды міндетті түрде қосыңыз. Себебі, Е дәрумені теріге өте жақсы әсер етеді – оны қоректендіріп, серпімділігі мен тегістігін жақсартады, құрғақтықтан қорғайды. Ал глицерин теріні жақсы жібітіп, ылғалдандырады.  

- Эфир майлары. Бұл міндетті компонент емес, оның ұнаған түрін өз қалауыңызға қарай таңдаңыз.

- Сабынға арналған қалыптар. Міндетті түрде арнайы қалып сатып алудың қажеті жоқ – кез келген пластмасса, шыны не саздан жасалған ыдыс та жарай береді.

Сонымен қатар, сізге сабынға арналған әр түрлі табиғи қоспалар қажет болады. Бұл өзіңізге ұнаған өсімдік пен шөп болуы мүмкін. Оларды жасайтын сабыныңыздың косметикалық сипатына қарай таңдайсыз. Мысалы, егер сабынға үгілген сұлы ұны қосылса, ол майлы теріге арналған керемет құрал болып шығады. Ал цитрустылардың қабығын қоссаңыз – целлюлитке қарсы тұруға көмектеседі. Үйде жасалған сабын құрамына какао немесе кофе салсаңыз – ол скраб-сабынға айналады. Ал егер сабынның косметикалық сипатына анық талабыңыз болмаса, қырмызы не түймедақ сияқты әмбебап шөптерді қоссаңыз болады.       

Сабынды қалай қайнатамыз?

Үлкен және кішкентай екі кастрөлді алыңыз. Үлкеніне толтырмай су құйып, отқа қойыңыз. Кіші кастрөлді үлкенінің ішіне салыңыз – осылайша су моншасын жасайсыз.

Енді балалар сабынын ұсақ үккіштен өткізіңіз (оны алдын ала жылытып алуға болады) немесе арнайы сабынды негізді дайындаңыз.

Үлкен кастрөлдегі су қатты қызғанда, кішкентай кастрөлге аздап зәйтүн майын құйыңыз – әр 100 гр сабынға 2 ас қасық майдан есептеңіз. Май бірден дерлік ысиды, енді оның үстіне сабын ұнтағын себу керек. Артынша 100 мл ыстық су (не шөп қайнатпасын) құйып, араластырыңыз. Егер сіз сабынды арнайы дайын негізден жасасаңыз, су құйып қажеті жоқ. Егер балалар сабынынан қайнатсаңыз, қоспаның тым қою болып кетпеуін қадағалаңыз – оның консистенциясы құймаққа арналған қамырға ұқсас болуы тиіс, ал сабынды негізден жасалғаны біршама сұйық болып шығады.

Сабынға бояғыш, қоспа және дәрумендерді қосыңыз. Эфир майларын ең соңында, қалыпқа құяр алдында қосасыз.

Қоспаны қалыптарға құйыңыз. Балалар сабынынан жасалған қоспа болса, қалыпты алдын ала майлап алған дұрыс (зәйтүн, шабдалы, өрік, бадам майы, т.б.).

Жасалу жолы осымен аяқталды, енді қалыпқа құйылған балалар сабынының негізіндегі қоспаны 4-5 сағатқа, ал сабынды негізден қайнатылғанын 1-2 сағатқа қойыңыз. Осы уақыттан кейін сабынды қалыптан алуға болады. Егер оңай шықпаса, қалыпты бірнеше секундқа ыстық суға батырыңыз. Дайын сабынды целлофан немесе аспаздық қаптамаға орап қою қажет.

Байқағаныңыздай, сабын дайындау соншалықты қиын емес. Бірнеше рет жасап көргеннен кейін, сіз табиғи сабынның түр-түрін шебер жасай аласыз. Мысалы, түрлі-түсті, қосқабатты, аралас сабындар жасауға болады.

Мұндай сабын жақын адамдарыңызға керемет сыйлық болары сөзсіз: пайдалы, табиғи және өз қолыңызбен жасалған...

Суреттер: moldpas.com, happyhome.ladybye.ru, mikolka.info