- Негізгі бет
- Психология
- Қыздар, қашан қоясыңдар...
Қыздар, қашан қоясыңдар еркеліктеріңді?
Алда 8 наурыз нәзік жандылардың мерекесі келе жатыр ғой. Қыздарды мерекелерімен құттықтаймыз. Бірақ, сіздерге айтатын біраз өкпеміз болып тұр. Соны жайып салып, бір жеңілдегелі отырмыз.
1. Бізді ең алдымен ыңғайсыз жағдайға қалдыратын мына нәрсе. Осы қыздардың мерекесінде демалыс беріліп, барша адам үйінде осы мерекені тойлайды. Бірақ, отанды қорғап жүрген ер жігіттердің мейрамында демалыс берілмейді. Қайта жұмысқа шындап кірісіп, "терлейтін" кезіміз. Бұл сонда қалай болғаны? Конституция бойынша, барлық адамның құқығы тең емес пе еді?
2. Біз отырып алып, күні бойы сұхбат құрсақ та, мына нәрсені түсіне алмадық. 8 наурыз жақындап, қарасы көріне бастаған сәттен бастап, шарқ ұрып сіздерге сыйлық дайындап әуре боламыз. Көңілдеріңізді аулау үшін бар фантазиямызды сарқимыз. Онымен қоймай, жығылған үстіне жұдырық деп, біздердің мойнымызға үй шаруасын, ас дайындау секілді ұсақ-түйекті артып қоясыздар. Осы аналарымыз 8 наурызда, қайта бізге сыйлық жасап, қарнымызды тойдырып жүрді емес пе? Неге аналарыңыздан осындай нәрселерді үйреніп алмайсыздар? Бізге ол өте ұнар еді.
3. Бұл әлі айналайын. Отанды қорғап, күні-түні ұйқы көрмей шекара күзететін жігіттердің мерекесі 7 мамыр болса, қыздардікі 8 наурызда. Демек, қыздардың мерекесі әр жылда бірінші болып тойланып жүр. Ұмытпасақ, ата-бабамыз ерлерді бірінші орынға қойған секілді еді. Қалай еді, естеріңізде бар ма?
4. Айтпақшы, ең бастысын ұмытып барады екенбіз. 8 наурызға біздің қалай дайындалатынымызды сырттан бақылап көрдіңіздер ме? Еркеліктеріңізге бір сәт көз жұмып қарап, үйді де жинаймыз, тамақты да пісіреміз, ыдысты да жуамыз. Қалтамыздың шаңын шығарып, соңғы тиын -тебенге дейін сіздердің көңіліңіз үшін жұмсаймыз. Қымбат-қымбат сыйлықтар аламыз. Мысалы, сіздер идеал көретін Францияның жігіттері бұл мерекеде жай құттықтау сөз айтып құтылады. Осы қалай деген итальяндықтар жай ғана гүл сыйлап тынышталады. Соған қарамай, осынша тырысып сыйлық жасасақ та, 7 мамырда көп болса, барахолканың галстугын қанағат тұтып, мәз болып отыра береміз. Конституция қалай еді, ұмытып отырмыз..
5. Ол ол ма! Бізге "Меганың" галстугын ақшаларыңызды қиып сыйламасаңыздар да, біздің шын көңілмен істеген сыйлықтарымыздан мін тауып, бірдеңеге разы болмай қалатындарыңыз бар ғой. Біресе, анау ұнамайды, біресе, мынау ұнамайды. Сізге ұнаудың жолы қайсы? Ес білгелі қыздарды зерттеп жүрсек те, соның түпкі сырына бойлай алмай қойдық...
6. Мерекеге тек 1 күн демалыс берілсе де, біз үш күн қатарынан тойлап, сіздедің көңілдеріңізді аулауға мәжбүр боламыз. Мысалы 8 наурыз әлі келмесе де, қазірден бастап құттықтап жатырмыз. Сонда да сіздер бірдеңені ұнатпай қаласыздар. Талғамдарыңыздың тым биік болғанына біздің қандай қатысымыз бар?
7. Сосын сіздер барлық жігіттерден романтикалық сый күтіп, күткеніңіз орындалмай қалса, ренжисіздер. Егер романтика жігіттің табиғатында жоқ болса, ол романтиканы қайдан алып береді? Ол барахолкада сатылатын галстук емес қой. Әр жігіт табиғатында бар нәрсені сыйлайды. Соны түсініңіздерші, аяулы арулар.
P.S. Қыздар, 8 наурызда сіздерге Қазақстан Республикасының Конституциясын сыйласақ, қалай қарайсыздар?
сурет: grandwallpapers.net