- Негізгі бет
- Психология
- Бақытты қарым-қатынастың заңдары...
Бақытты қарым-қатынастың заңдары
Барлық адам бақытты болғысы келеді. Кез келген жұп өз қарым-қатынасын бақытты болуды көздеп бастайды. Бірақ шынайы өмір өз түзетулерін енгізбей қоймайды. Орны толмас қателіктерді болдырмас үшін бірнеше қағиданы қарастырып көрейік.
1. Ұқсастық заңы
Біз өзіміз қандай болсақ, өмірімізге де сондай адамды тартып аламыз. Егер айналаңыздағы адамдар көңіліңізден шықпай жүрсе, жаныңызға үңіліңіз. Ал егер адамдармен қарым-қатынаста өзіңізді жолы болғыш сезінсеңіз, өзіңіз де сондай адам болғаныңыз. Сол себепті жаныңызда лайықты адам жүрсін десеңіз, ең алдымен өзіңіз сондай болып алыңыз.
2. Себеп пен салдар заңы
"Не ексең, соны орасың" деген. Екінші жартыңыз сізге қалай қарасын десеңіз, сіз де оған солай қараңыз.
3. Махаббат заңы
Бәріміз: қыздар да, жігіттер де, махаббатқа зәруміз. Махаббат деген қабылдау, шынайылық, еркелік, қамқорлық, екінші адамға жауапты болу, сенімділік, адалдық пен жомарттықты білдіреді. Осы қасиеттерді көбірек білдірген сайын, қайтарымы да көп күттірмейтінін біліңіз. Ал қорқыныш, қызғаныш, тәуелділік, басқару, бақылау, наразылық, жазғыру сияқты белгілер қарым-қатынасты бұзады және махаббатқа бұлардың еш қатысы жоқ.
4. Сөз құдіреті заңы
Сөздің де құдіреті бар екенін біліңіз. Сөзбен адамды емдеуге де, өлтіруге де болады. Айтқан сөздеріңізге мән беріңіз. Жазғыру, жәбірлеу сияқты жарлықтар жанға жара салуы мүмкін. Сөз құдіретін тек жақсы сөздерге, комплименттерге, қуат беру үшін, қолдау үшін пайдаланыңыз.
5. Сенім заңы
Шынайы махаббат қарым-қатынасы үшін сенімнің өмірлік маңызы зор. Онсыз адам тым күдікшіл, мазасыз, қауіптеніп жүреді, ал екінші адам өзін қақпанға түскендей сезінеді, оған еркін тыныстауға мұрша бермейтіндей көрінеді. Қызғаныш – бұл жалғыздықтан қорқу, өз-өзіңді қадірлемеу, жақсы көрмеу. Сенім – шынайы махаббаттың ажырамас бөлігі.
6. Шынайылық заңы
Махаббат бір орында тұрмайды, ол да өсімдік сияқты өсіп, гүлдейді немесе солып, өліп қалады. Бәрі өзімізге байланысты. Сүйіктіңмен шынайы болу – ол су сияқты, онсыз гүл өсіп-өнбейді. Бір-біріңізге қалауларыңыз, қажеттіліктеріңіз жайлы, көзқарастарыңыз бен сезімдеріңіз жайлы айтып отырыңыз. Серігіңізге оны сүйетініңізді, оны бағалайтыныңызды айтыңыз. «Мен сені сүйемін» деп айтудан жалықпаңыз. Сізге деген жақсы қарым-қатынасын қалыпты жағдай деп қабылдамаңыз. Оған деген ризашылығыңызды білдіріңіз. Шынайы мақтау мен ризашылық күн сияқты өсімдіктің гүлдеуіне үлкен септігін тигізеді.
7. Сый заңы
Жақсы көру – өзіңді еш төлемсіз, ескертпесіз біреуге сыйлау. Егер сіз махаббатты қаласаңыз, өзіңіз сол махаббатты сыйлауыңыз қажет. Қаншалықты көп сыйласаңыз, соншалықты қайтарымы болады. Махаббат бумеранг іспеттес, әрдайым қайтып келеді. Бәлкім, қалаған адамыңыздан келмесе де, сізді екі есе бақытты қылатын адамнан келеді. Біздің бойымыздағы махаббат ешқашан таусылмайды, оны сыйлаған сайын ұлғая беретін қасиеті бар. Махаббатты жоғалтып алудың бірден-бір себебі – оны ешкімге арнамау.
8. Жанасу заңы
Жанасу – махаббатыңды жеткізудің пәрменді тәсілі. Ол кедергілерді қиратып, ара-қатынасты берік етеді. Адамға жақындау – оның жанына жақындау дегенді білдіреді. Ашуланып тұрғанда «Жолама маған!» деуіміздің де себебі сол болар. Сүйген адамыңызды жиі құшақтап, қолынан ұстап жүруге тырысыңыз.
9. Бостандық заңы
Егер біз біреуді жақсы көрсек, оған еркіндік беруіміз керек. Өз еркімен шешім қабылдауына, біздің қалауымызша емес, өз қалауынша өмір сүруіне. Әрқайсымызға жеке кеңістік керек. Адам қарым-қатынаста өзін еркін сезінбесе, қақпанға түсіп қалғандай сезінеді. Егер адамды шынымен жақсы көрсеңіз, оның қалаулары мен қажеттіліктеріне сыйластықпен қарағаныңыз жөн. Жақсы көрген адамыңды бостандықта ұстау қиын, бірақ басқа жол жоқ. "Адамға еркіндік берген сайын, ол бізге қарай тартылады" деген өмір даналығы бар.
Дайындаған: Анар Мұстафина
Суреттер: vk.com
A. Mustafina