- Негізгі бет
- Психология
- Тура жолдан тая...
Тура жолдан тая бастаған баланың белгілері
Ұрпақ тәрбиесі – болашақ ұлт тәрбиесі. Ата-аналар үнемі бауыр еті баласының оқу нәтижесі, киім-киісі, үйдегі сыйластығы жайлы ойлағанымен, баланың ішкі психологиясына дендеп ене алмайды. Тәрбие жүректен басталуы керек. Балаңыз өзгеріп бара жатыр ма? Ендеше ол жөнінде оның тұла бойына, іс-қимылына зер салыңыз. Сосын ғана тәрбие жұмысын бастағаныңыз абзал.
Жапонның әйгілі балалар психологиясының маманы, профессор Шы Чуан мырза тура жолдан тая бастаған балалардың төмендегідей 19 түрлі белгісін ортаға қойған:
- Сумка асынған бейнесі оқушыға ұқсамайды.
- Шашын ерекше көзге түсетін үлгіде жасатады.
- Достық қарым-қатынасы қалыпсыз болып, достарымен үнемі есік алдында ұзақ сөйлеседі.
- Достарынан мезгілсіз уақытта телефон келеді. Әрі осы үдеріс жиілей береді. Телефондағы қарсы жаққа қайтаратын жауабы қалыпсыз әрі келте болады. Телефон қабылдай салысымен сыртқа шыға жөнеледі немесе дауысын басқаларға естіртпеуге тырысады.
- Сабақтан түскен соң түрлі сылтаумен үйге кешігіп келеді, барған жерін айтпайды немесе өтірік айтады, ол көзінен байқалып тұрады.
- Бөлмесінде үнемі жалғыз отырады. Сабақ оқығандай болып көрінгенімен, нәтижесі қашанда төмен болады.
- Темекі, сіріңке секілді нәрселерді алып жүреді. Немесе жанына жеңіл қару алып жүреді.
- Жаңа сатып алған қағаз-қаламын күтіп ұстамайды. Үнемі қайдан алғаны белгісіз жаңа дүниелер ұстап жүреді.
- Оқу нәтижесі күрт төмендейді. Оқудан қашады.
- Үнемі өтірік айтады. Мақтау сүйеді, дөрекі сөйлейді немесе сөзі күңгірттеу болады.
- Сырт көзге біртүрлі киімдер киінетін болады.
- Ақшасы кенет көбейіп, қайдан келгені белгісіз ақшалары болады.
- Үйден безгіш келеді.
- Кірпияз немесе тамақты қомағайлана ішеді.
- Ата-ананың алдында өтірік елпек қағады, орынсыз сөз таластырады.
- Әке-шешесі сөйлегенде бетіне тура қарай алмайды. Сонымен бірге үлкен адамдардан үнемі тайсақтап, оларға ұрлана қарайды. Жайраңдап ашылмайды.
- Емтихан қағазын үйіне әкелмейді. Емтихан уақытын ата-анасына айтпайды.
- Ата-анасымен бірге отырып теледидар көрмейді. Отбасында жалғыздыққа бой алдыра бастайды.
- Ата-ананың сұраған сұрақтарына тым келте жауап береді. Ата-ананың қасында байыздап отыра алмайды. Әлдебір кінәсі бар адамдай қашқақтап жүреді.
Қысқасы, баланың ең алғашқы ұстазы ата-анасы, бала көңіліндегі түйткіл ата-ананың көзқарасынан қашып құтыла алмайды. Дер кезінде байқап, дер кезінде түсінісіп отырған жөн.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: education.tamu.edu
Қ. Қауымбек