Күзгі көңілсіздік

Күзгі көңілсіздік

Барады бірте-бірте түн ұзарып,
Аспанда аққан жұлдыз ізі қалып.
Ақ қайың әудем жерде мұңайып тұр,
Көктемгі әсем әнін үзіп алып.
Бәрінен, бәрінен күз сезіледі,
Қайтеміз, жүреміз ғой төзіп енді.
Билікті өз қолына алып жатыр,
Жылдың бір маусымының кезі келіп,-деген екен ақын Айтқали Нәріков. Айтқанда да тауып айтқан! Патша күз билікті өз қолына алып үлгерді.

Сары жапырақтар... Сағыныш... Сұр бұлт... Қоңыр мұң... Терезені ұрған тамшылар... Көзден тамған ащы жастар...  Бәрі де күрең күздің ерте келген шабармандары десе де болады.

Психолог мамандардың айтуынша, күзгі табиғаттың, табиғат құбылыстарының әсерінен адам жанында да елеулі өзгерістер орын алады екен. Күзгі табиғаттың түсі – көңілсіздіктің түсі. Сіз де мұң, көңілсіздік, селқостық, енжарлық сынды қасиеттермен достасып үлгерген боларсыз. Айналаңыздағыларға тез ашуланып немесе жақындарыңызды қызбалықпен ренжітіп алып жүрсізбе? Көңіліңізді көңілсіздік билеп, қабағыңызды жиі мұң шалып жүр ме? Саспаңыз, бұл сізде ғана емес. Ғылымда бұл кезең – күзгі көңілсіздік (апатия) деген атпен зерттелінген. Бүгін сіздерге күзгі апатияның алдын алуды, кеселден қалай айығуға болатындығы туралы әңгімелейтін боламыз.

Күзгі көңілсіздіктің негізгі себебі табиғаттағы өзгерістер десек, тағы бір себеп: жаз бойы демалып келген сіздің ағзаңыз күзде бірден басталып кеткен қарбаласты көтере алмай қалып жатады. Сондықтан күзгі көңілсіздік жаз айларында жақсы демалған жандарда көптеп кездеседі.

Күйзелістің алғашқы белгілері: таңертең ұйқыңыздан бес, тіпті он талпыныстан кейін әзер тұрасыз. Жұмысқа немесе сабаққа барар жолда ұйықтап қала бересіз және іске кірісіп кету оңайлыққа соқпайды. Бастысы ұйқыны қандыру. Әдеттегіден көбірек ұйықтауға тырысыңыз. Әйелдер үшін 9-10 сағат, ерлер үшін – 8-9 сағат ұйқы қалыпты болмақ. Мүмкіндік болып жатса, күндіз мызғып алуға тырысыңыз.

Күйзелістің екінші белгісі – жалқаулық. Тіпті компьютеріңіздің немесе құлаққабыңыздың бауларын тарқатуға зауқыңыз соқпайды. Мұндай да массаж көмекке келе алады. Ол үшін кішкентай саусағыңызды қызарғанша әбден уқалаңыз. Өйткені бұл саусақта апатияны жеуге көмектесетін нүктелер бар. 3-5 минут бойы уқалаған жөн.

Күз – әсіресе ғашықтар үшін ең ауыр кезең. Олардың арасында түсініспеушілік, салқындық жиі пайда болады. Жаныңызды бір сәттік әлсіздік билеген  маусымда сүйіктіңізді байқаусызда ренжітіп қойып жүрмеңіз. Орны толмас өкінішке ұрынып қалу қаупі жоқ емес. Бір-бірлеріңіздің көңілдеріңізді аулап, көбірек бірге уақыт өткізуге тырысыңыздар. Әсіресе, көңілді орталарда көп болғаныңыз абзал.

Күзгі көңілсіздік кезінде артық ішіп-жеу қауіпті. Мұндай кезде майлы қышқылдарға бай балықты көбірек жегеніңіз абзал. Сондай-ақ, өткір қара шайға лимон және бал қатып ішсеңіз пайдалы болмақ. Жаңа піскен жеміс-жидектерді жеуді де ұмыт қалдырмаңыз.

Күрең күздің көңілсіздіктері орны толмас өкініштерге ұрындырудан сақтасын дейік!

Суреттер:orum.say7.info,liveinternet.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева