Еріншектік - прогресстің қозғаушы күші

Еріншектік - прогресстің қозғаушы күші

Мен - еріншекпін. Туғанымнан еріншек екенімді білемін, тіпті кейде бойымдағы осы қасиет менен бұрын туылды ма екен деп те қоямын. Сүйікті қызыңнан, ішіп-шегуден жалпы өмірдегі барлық нәрседен арылуға болады, бірақ еріншектік - ешқашан құтыла алмайтын дүниедегі жалғыз нәрсе сияқты. Бір қызығы, онымен күресіп, жеңуге тырысқан сайын, өзіңнің дәрменсіз екеніңді сезесің. Өз-өзіңе ор қазғандай боласың.

Жалпы еріншектік деген не? 

Еріншектік  - бұл қалыпты, қызықсыз да ауыр жұмысқа қарсы шағым. Еріншектің қандай да бір іске жігер салуының өзі, келесі жолы дәл осындай күш жұмсамаудың алдын алу. "Мен қиын жұмысқа әрқашан еріншек адамды таңдаймын, себебі ол оны орындаудың ең оңай әрі ең жылдам жолын табады", - деп атақты кәсіпкер Билл Гейтс айтпақшы расында да еріншектер шарасыз істі шешудің оңай жолын таба алады. Демек, еріншектік - прогресстің қозғаушы күші болғаны ғой?!. Әлем тарихына көз жүгіртер болсақ, дөңгелек, қағаз секілді ұлы өнертабыстар шынында кімге тиесілі? Ол былай тұрсын, бірқалыпты өмір мен ауыр жұмысты жеңілдетуге арналған автокөліктер мен механизмдер, техникалар ше?.. Адамзат өзінің ойлап тапқандарының көмегімен жағымсыз істерін жылдам бітіріп, қалған бос уақытта өмірден ләззат алуды көздеді. Мәселен, 1874 жылы АҚШ елінің азаматы Вильям Блэкстоун кір жуу машинасын ойлап тауып, оны жарының туған күніне сый ретінде берген екен.

Сондықтан өмірімізді жеңілдететін өнертабыстар көбейген сайын адам одан бетер еріншек және енжар бола бастайды. 

Соңғы жылдары еріншектіктің ұзақ өмір сүруге тиетін пайдасы жайлы да зерттеулер шықты. Неміс профессоры Питер Ахт еріншектік денсаулыққа пайдалы деп есептейді: ерте қартаюдан, есеңгіреуден қорғайды. Жүргізілген тағы бір зерттеу жұмыстарынан соң, ғалымдар мынадай шешімге келген: егер адамдар мүлдем ерінбейтін болса, онда олар тез шаршап, тоза бастайды.

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: velvet.by, demotivators.to

Ж. FM