Жігіт пайда болғанға дейін...

Жігіт пайда болғанға дейін...

Анаңнан «Жігітпен жүріп әлі үлгересің» деген сөзін бірнеше рет естіген боларсың? Және ол дұрыс айтады. Әзірге өзіңді күтіп, өз рахатыңа өмір сүре тұр. Өйткені кейін, жігіт пайда болғанда, ондай мүмкіндік тумауы да мүмкін.

Жігіттермен дос бол

Қанша жерден жігітпен қыздың арасында достық болмайды дегенімен, жігіттер тамаша дос әрі әңгімешіл екені рас. Олармен дос болу арқылы жігіттердің мінез-құлқын, ойларн, болмысын тануға тамаша мүмкіндік туады. Нағыз дос жігіттер қиын-қыстау кездерде көмекке асығып, ауыр сөмкелеріңді көтерісуге, ауылға шығарып салуға, күтіп алуға даяр. Мұндай достардан айналып кетесің ғой. Бірақ жігіт пайда бола салысымен олармен қарым-қатынасты шектеуге тура келеді.

2. Достарыңмен қалағанша уақыт өткіз

Өйткені кейін жігітің 100% уақытыңды алады. Ең мықты достықтың өзі қарым-қатынас басталған соң күйреуге ұшырап жатады. Сондықтан басың бос кезде құрбыларыңмен көңіл көтер, қыдыр.

3. «Жоқ» де!

Жалғыз болсаң да, бұл кез келген көңіл білдірген жігітпен көңіл жарастыру керек деген сөз емес. Және егер жігіт ұнамаса, айналаңдағылар қанша жерден онымен кездесуге бар деп үгіттесе де, бас тарт. «Жоқ» деу керек кезде «жоқ» де. Және ештеңеден қорықпа.

4. Ақша жина

Бәлкім, бұл біртүрлі көрінер, бірақ қарым-қатынаста болу – үлкен шығын. Ондай кезде әр мейрамды елеп, ескеріп, жақсы сыйлықтар дайындауың керек болады.

5. Ұзын-сонар телехикаяларды көріп ал

Өйткені онымен сенің мұндай мүмкіндігің болмайды. Болса да, басын бастап, соңына дейін көруің екіталай. Біріншіден, ол сенің уақытың телехикаямен өткенін қаламауы мүмкін, екіншіден, өзіңнің де уақытың болмауы мүмкін.

6. Саяхатқа аттан

Егер жасың 18-ге толса, үйде отыруға себеп жоқ сияқты. Ал егер студент болсаң, оқу орның шетелде білім алуға қандай бағдарламалар ұсынатынын біл. Және ешкімнің алдында жауап берудің қажеті болмайды. Жай ғана өмірден ләззат ал.

7. Өзімшіл бола тұр

Қарым-қатынаста болу дегеніміз әрдайым мәмілеге келіп, түсіністікпен қарау. Былайша айтқанда, сен онымен өзімшіл болып, қалағаныңды істей алмайсың. Сондықтан осы сәтті пайдалан. Өйткені қазір саған ешкімге ештеңе түсіндіру қажет емес. Және өзгелер сен жайлы не ойлайтыны да маңызды емес.

8. Қалаған киіміңді ки

Иығы ашық топ немесе әдемі аяқтарыңды көрсететін шорты кию - қазір сөз емес. Бірақ жігітің бұл киімдерге шектеу қоюы әбден мүмкін. Сондықтан шектен шықпайтын, бірақ өзіңе жарасымды киімдерді киіп, сұлулығыңнан ләззат алатын дәл уақыт.

9. Тамақ жасап үйрен

Иә, иә, жігітсіз жүру дегеніміз бірыңғай жалқаулыққа салыну дегенді білдірмейді. Кейде мәзірлерді ақтарып, өзіңе ұнаған тамақтарды жасап, үйрене беру керек. Жігіт пайда бола салысымен, оны қандай ерекше тағамыңмен қуанта аласың? Сондықтан бәріне дайын болу - біздің басты қағидамыз. Сонымен қатар, кейін диетаға отырып, дәмді тағамдарды қалағаныңша жей алмауың да мүмкін.

10. Жалғызбын деп уайымдауды доғар

Ойланып қарасақ, жалғыз болудың да көптеген пайдасы бар екенін аңғарамыз. Сондықтан уайымға салынып, өз өміріңді түкке тұрғысыз етуді доғар. Өз-өзіңмен бақытты болуды үйрен!

Сурет: vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Жігітпен қай жастан бастап жүрген дұрыс?

Жігітпен жүргенде мына нәрселерден аулақ бол

Жігіттер жайлы біз ашқан 9 құпия

A. Mustafina