Әлемді бірге өзгертейік!

Әлемді бірге өзгертейік!

Әрине, Аляска түбегіне барып ақ аюларды құтқар немесе үйіңдегі дүние-мүлкіңді сатып, алған ақшаңды балалар үйіне өткіз демейміз. Біз сүріп жатқан өмірде қалтасы қалың болмаса да, қарапайым қызметі бар жандардың қолынан келетін қарапайым ғана жақсылықтар бар. Ол жақсылықтар нәзік бойжеткендердің де қолынан келеді. 

1. Қоқысты топтастырыңыз. Әйнек, пластмасса бөтелкелерді, алюминий қалбырларды, полиэтиленді жинап, арнайы пакеттерге жинақтаңыз. Артынша оны қоқыс салуға арналған контейнерлерге салыңыз. Принтер картриджін, ескі агротехниканы қайта өңдейтін фирмаларға өткізіңіз. Аз уақытқа жарайтын емес, қуаттандырғышы бар батареяларды пайдаланыңыз.

2. Макалатураны жинаңыз. Осылайша ағаштарды қорғай аласыз. Қоқыстың арасына түскен қағаз қайта өңделмейді.


3. Таксиге отырмаңыз. Атмосфераны ластайтын 80% затты көліктер бөледі. Небары бір километр жүрген такси 45 милиграмм қорғасын шығарады. Сондықтан көлікті велосипедпен алмастырыңыз. Бұл сымбатыңызға да ерекше көрік береді.

4. Электр қуатын үнемдеңіз. Қуат көзін ұқыпты жұмсайтын шам сатып алыңыз. Олар әдеттегі түрінен 12 есе артық қызмет жасайды. Үйден шыққан кезде девайстың қуаттағышын тоқта қалдырмаңыз. Ол көмірқышқыл газын бөледі.

5. Саудақұмарлықпен күресіңіз. Текстиль мен былғары өндірісі – атмосфераның қас жауы. Әркез сөмке мен жаңа белдемше сатып алар кезде осы туралы ойлаңыз.


6. Судың да сұрауы бар. Әлемдегі су қоры шексіз деп ойламаңыз. Сағат сайын краннан 1000 литр су босқа ағады. Ал қарапайым 5 минуттық душқа 150 литр су кетсе, дәретхананы бір рет тазалау үшін 10 литр су кетеді.

7. Ағаш отырғызыңыз. Егер әрбір қазақстандық бір-бір бұтақтан отырғызса, елімізде ағаш саны 17 000 000-ға жететін еді. Оны отырғызу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Бар болғаны аулаңызға кішкене ғана шырша ағашын отырғызсаңыз жеткілікті.

8. Спрей, дезодарант және лактан бас тартыңыз. Осылайша атмосфераның озон қабатына көмектесесіз. Уақыт өте келе дүкен косметикасын табиғи косметикамен алмастырып үйреніңіз.

9. Браконьерлерге кешірімділік танытудың қажеті жоқ. Сіз сатып алатын інжугүл немесе Каспий балықтарының уылдырығы браконьерлердің жұмысын қыздыра түседі. Осылайша сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің түрі жойылады.


10. Жануарларға көмектесіңіз:

- Қалған тамақты соларға беріңіз;

- Аулаңызда ит, үйіңізде мысық ұстаңыз;

- Кептерлерге бір уақыт жем шашыңыз.

- Жас зоологтардың тізіміне жазылып, зоопарктегі жануарларға күтім жасауға көмектесіңіз.


11. Адамдарға көмектесіңіз.

- Бастаңғы жасап, кірушілерге бір киім, кітап немесе ойыншық әкелу керектігін айтыңыз. Артынша жиналған заттың барлығын жақын маңдағы балалар үйіне өткізіңіз;

- Кез келген балалар үйі сіздің көмегіңізге риза болады. Бірақ оларға материалдық құндылықтардан гөрі моральдық құндылықтар бірінші орында тұратындығын біліңіз. Бала ерекше мейірім мен қамқорлықты аңсайды;

- Кез келген жерде қарттарға көмек көрсету орталығы жұмыс жасайды. Оларға үй жинауға, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алуға көмектесе аласыз.

12. Волонтерлікпен айналысқыңыз келсе, Қазақстандағы www.redcrescent.kz сайтына кіріп тіркеліңіз. 

Әлемді өзгерту үшін не істер едіңіз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: strategy20507kz, вк желісінен, blogspot.com

Қ. Бүйенбай