- Негізгі бет
- Психология
- Жігіт досымен сөйлесуге...
Жігіт досымен сөйлесуге ұялатын қыздар үшін
Қазақ қызы әрқашан да ұяң, инабатты келеді. Үлкеннің жолын кеспей, қажет болса айналып өтеді. Өзінен кішіге қамқорлық танытып, сүйгенін адал жар тұтып сыйлайды. Қазір заман басқа. Онымен қоса адамы да өзгеше. Отбасында көрген тәрбиесіне орай бірі – тәкаппар, өз ойын ашық білдіріп жігіт қауымымен еркін тіл табысса, екіншісі – сөйлесуден жүрексінеді. Әрине, міндетті түрде ұнатқан жігіттің айналасынан шықпай жұру керек емес, бар болғаны оларды дос тұтып, пікір алмасуға да болады. Олай болса назарыңызға жігіт досыңызбен қалай қарым-қатынасқа түсуге болатындығын баяндайтын бірнеше кеңес ұсынамыз.
1. Өзіңізді таныстырыңыз. Сөз бастаудың ең қарапайым түрі жәй ғана жанына келіп өзіңіздің есіміңізді айту. Оның директордың баласы немесе тракторшының ұлы екендігі маңызды емес, бастысы – өзіңізді барынша сенімді ұстап, «Сәлем!» деп күлімсіреңіз. Артынша өзінің есімін сұраңыз. (Егер өзі бірінші болып айтпаса). Оның есімін біліп алған соң сөз арасында көбірек айтуға тырысыңыз. Адамдар өз атын естігенді жақсы көреді. Мұнымен қатар бұл бөтен адамды бір-біріне жақындастыра түседі.
2. Қоршаған ортаңыздағы жағдайды пайдаланыңыз. Ол кез келген нәрсе болуы мүмкін. Мысалы, ауа райы, сабақ кестесі, спорттық ойын. Оның қатты жауын-шашын немесе қосымша сабақ туралы ойын сұраңыз. Өзіңіз пікір білдіріп, оның ой қосқанын күтіңіз. Әрине, ауа райы дегенді естіген кезде күлген шығарсыз. Алайда бұл тәсіл өте жақсы жұмыс істейді. Егер алыс жолға кетіп бара жатсаңыз, жәй ғана өзіңізге айтып отырған секілді автобустың кешіккенін немесе билеттің бағасын айтыңыз. Сіз оны қызықтырған жағдайда ол міндетті түрде жауап қайтарады.
3. Одан көмек сұраңыз. Жігіттер нәзік жандыларға көмектескенді ұнатады. Сізге көмек көрсеткен соң оған міндетті түрде жымиып, алғыс айтыңыз.
Ескертеміз: Шектен шығып кетпеңіз! Сізге тек жылы қабақ танытқаны қажет болғандықтан, қолынан түк келмейтін адамдай үнемі көмек сұрай бермеңіз.
4. Оны мақтаңыз. Сырт көзге білдірмегенмен, жігіттер де мақтан сөзді қатты жақсы көреді. Бірақ айтқаныңыз шынайы болсын.
Сөйлеуден қысылмайтын жан болсаңыз, күлкісінің Санжар Мадиев немесе Асылхан Төлепов сынды сұлу жігіттердікіне ұқсайтындығын айтыңыз. Ал егер асыра сілтеп жібергіңіз келмесе, үстіндегі киімінің жарасып тұрғандығын айтыңыз. Бұл оның талғамының жақсы екендігін сезінуге мүмкіндік береді.
Жұмысын, спорттық жетістігін мақтаңыз. Ол сіздің өзіне көңіл бөліп жүрендігіңізді білетін болады. Ал егер бұл жағдай ауылда болып жатса, ат мінбейтін қазақтың баласы болмайтыны анық. Сондықтан тұлпарын Ақанның Құлагеріне теңестіруді ұмытпаңыз.
5. Оған сұрақ қойыңыз. Әсіресе, өзіңізді жайсыз сезініп тұрған кезде жақсы көмектеседі. Алайда «ия», «жоқ» деп қысқа да нұсқа жауап қайтара салуға болатын сұрақтардан аулақ болыңыз.
Оның қызығатын дүниесін пайдаланыңыз. Мысалы, кеше түнде әлем чемпионатын көрген, көрмегендігін сұраңыз. Ол жайында еш нәрсе білмесеңіз ештеңе етпейді. Ең бастысы – сіз өз қалағаныңызды аласыз.
Дайындаған: Томирис Сағындық
Сурет: ulttyqsport.kz
Қ. Бүйенбай