- Негізгі бет
- Психология
- Адамдардың есімін қалай...
Адамдардың есімін қалай есте сақтауға болады?
Көбіміз адамдардың есімін, немесе романдағы кейіпкерлердің атын жаттай алмаймыз. Көшеде кетіп бара жатып таныс жүзді көреміз де, артынша амандасар кезде есімі ойымызға түспей ұяттан қызарамыз. Мұндай жағдайға қалмауыңыз үшін бірнеше кеңес ұсынуды жөн көрдік.
1. Ойыңызды басқа нәрсеге бұрмаңыз. Біреу сізге есімін айтып жатқан кезде мұқият болыңыз. Есімінің қалай айтылғанына мән беріңіз.
2. Қайтадан сұраңыз. Есімін екінші рет қайталатудан еш қысылмаңыз. Бар болғаны: «Кешіріңіз, мен сіздің есіміңізді дұрыс ести алмай қалдым, мүмкіндік болса, тағы да бір рет қайталап жібересіз бе...» деп айтыңыз. Ал дұрыс айтып отырғаныңызға көз жеткізу үшін көзінше дауыстап қайталаңыз. Көбірек қайталаған сайын, соншалықты жылдам жаттап аласыз.
3. Есімдерді жазып жүріңіз. Мен бұл әдетті өте пайдалы деп ойлаймын. Жаңа бір адаммен таныса салысымен, оның есімін бірден қойын кітапшама жазып алуға тырысамын. Егер есімнің қалай дұрыс айтылатындығын білмесеңіз, оны фонетикалық транскрипцияның көмегімен жазып алыңыз. Қағаз бетіне жазылған дүние, жадымызда барынша көбірек сақталады. Бірақ бұл әрекетті жаныңызда тұрған адамға білдірмеуге тырысыңыз.
4. Адамдарды есімімен атап шақырыңыз. Мысалы, «Өмірбек, сізге рақмет. Танысқаныма қуаныштымын». Бірақ шектен шығып жүрмеңіз. Жәй ғана әңгімелесіп тұрған кезде жаныңызда тұрған адамның есімін бірнеше рет қайталай беретін болсаңыз, мезі етіп жібересіз.
5. Реалист болыңыз. Жаңа жерге келсеңіз, ол жерде жүрген адамдардың есімін толығымен жаттап алу мүмкін емес. Алайда күніне бір есімнен жаттап отырсаңыз болады.
6. Мінезі мен есімін байланыстыра отырып жаттаңыз. Мысалы, Мейіржан, Мейіргүл – мейірімді жан, Айгерім – Абайдың Шүкімәніндей сұлу қыз, Жолдас – жолы болғыш дос, Нұрбол – ата-анасы жанындағылардың өмірін нұрландырып жүрсін деген болар... Тек нақты есімдерін ғана емес, олардың шаш үлгісіне, көзінің түсіне, мұрнының пішініне, күлкісіне мән беріңіз. Атақты психолог Мартин Мэнсер бір конференцияда ер адамның түр-тұлғасын кока-колаға ұқсатқан екен. (Қалайша ұқсатқандығын тек өзі ғана білетін болар). Сол ер адамның фамиялиясы Колес болғандықтан, бірден жаттап алыпты.
7. Адамның есімін ең алғаш қалай танысқандығыңызға байланысты жаттау. Бұл сізге есімін ұмытып, түрін ғана жадыңызда сақтап қалған кезде көмектеседі. Егер қазір жолыққан жеріңіз алдыңғысынан өзгешеленетін болса, бірден есіңізге түсіресіз. Мысалы, ҚазҰУ-ден Қазбек, Банкте жұмыс істейтін Болат.
8. Әліпби тәртібін пайдаланыңыз. Есімдерді ойша ретке келтіріңіз. Бұл сөздікті пайдаланатын немесе құрастырғанды жақсы көретін адамдар үшін өте тиімді. Мысалы, Анар, Ардақ, Еркебұлан, Фараби.
Ал сіз адамдардың есімін қалай есте сақтайсыз?
Материал жазу барысында психолог Мартин Мэнсердің «Ақыл күшінің құпиясы» кітабында жазылған тәсілдер пайдаланылды.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: blog.com
Қ. Бүйенбай