- Негізгі бет
- Психология
- Шын досың жоқ...
Шын досың жоқ болса не істеу керек?
Соңғы рет қашан таныстыңыз? Қызықты әзілдер айтатын немесе ортақ жұмысы бар адамдарды бұл қатарға жатқызбаңыз. Тек жаныңызға жақын адамдарды, қуанышты да, қайғыны да бірге көтеретін досты таптыңыз ба? Есейген сайын жақын достармен байланыс үзуіміздің себебі не?
Жұмыс, отбасы, «уақыт жоқ»...
Есейе келе бұрынғы достарды жоғалтып, тек ортақ іс байланыстыратын қатарластарыңызбен қарым-қатынас жасайтынымызды бәріміз де білеміз. Аптасына 40 сағат жұмыс істеп, қалған уақытты отбасыға арнаймыз. Ал қалғанына... қалғанына уақыт та жетпейді.
Families Work Institute өткізген зерттеу бойынша, 25-54 жас аралығындағы әйелдердің көбісінде бір күнде 90 минут бос уақыты болатыны анықталған. Ал 29 пайызында 45 минуттан кем уақыт болады екен. Бұл уақыт жеке қызығушылықтардың өзіне жетпейтінін білеміз, ал достарға уақыт тіптен жоқ.
Ер адамдарда бұдан кем болмаса, артық қалмайтыны белгілі. Ер адамның көп табыс тауып, отбасылық міндеттерін орындауға уақыты болмайды. The New York басылымында Алекс Виллиамс орта жастағы адамдардың досы неге аз екеніне түсініктеме береді:
Адам өз өмірінің бел белесіне жеткен кезде оның жастық шақтағыдай қызығушылықтары бәсеңдейді. Приоритеттері өзгеріп, адамдар өз достарына көп талап қоя бастайды.
Бұл жаста жастық кездегідей көп достармен қатар араласу, жаңа таныстықтар құру мүмкін бола бермейді. Бұл кезеңде адам ситуациялар бойынша адамдармен достасады.
Адамдар есейгенде олардың ортасында көзге көрінбейтін белгілі бір белестер пайда болады. Олар танысып, жақын қарым-қатынас құрса да, бұрынғыдай жиі кездесіп, байланыса алмайды.
Калифорниядағы Стэнфордтық психология орталығының профессоры Лаура Л. Карстенсен өткізген зерттеуде адамдардың жыл өткен сайын достық қарым-қатынастан қол үзе беретіні анықталған. Жас келген сайын адам тек таныс адамдарымен ғана араласады. Ал жаңадан таныспайды екен.
Лаура Л. Карстенсеннің айтуынша, мұндай құбылыстың себебі адамдардың жыл өткен сайын өмірі қысқарып, уақыттың аз екенін түсінуінен болады-мыс.
Күн көруге достардың қажеті жоқ
Жаңа адамдармен танысудың аздығын басқа да себеппен түсіндіруге болады. Ол – қажеттілік. Балалық кезде достық әлеуметтік және жеке даму үшін қажетті фактор болған еді. Әрине, мектеп жасындағы балалар жаңа дос табу кезінде мұндайды ойламайды. Оған себеп те іздемейді.
Ал тұлға қалыптасқан кезде онымен дос болу үшін қарапайым себептер жарамайды. Дос болу үшін адаммен көзқарасың, пікірің ұқсауы керек.
Мұнымен қалай күресу керек?
Ескі достарыңызға қанағат тұтып, жаңа достардың не қажеті бар десеңіз қателесесіз. Себебі ескі достар жағдаятқа байланысты (мамандық таңдау, үйлену, қаржылық жағдайы) сізбен достаса алмауы мүмкін. Мұнда не істеу керек?
Уақытыңыз әрқашан жетпей жатқан сізге психологтар үш бірдей факторды ескеруіңіз керектігін айтады. Біріншісі – рухани жақындық, екіншісі – өмір сүру салтының ұқсас болуы, үшіншісі – сенім.
Бірақ бұл орта жастағылардың дос таба алмайтынын айқындамайды. Мәселен, Jezebel сайтының авторы Трэйси Мур былай дейді:
Ойлап көріңіз, сіз басқа қалаға көштіңіз, мұнда енді сіздің таныстарыңыз жоқ немесе ескі достарыңыз сіздің үдеңізден шықпай жүр және олармен осыншама уақыт қалай достасып жүргеніңізге таңғаласыз. Барлық жағдайда да сіз жаңа дос іздеу ісін өзіңізге хобби сияқты қызықты іске айналдырып алуыңыз керек.
Жаңа дос табу үшін мынадай кеңестер ұсынамыз:
- Өз мекеніңіздегі қандай да бір тақырыпқа қатысты кештерден жаңа адамдарды іздеңіз. Әлде әлеуметтік желілерде арнайы қоғамдастықтарды тауып алыңыз. Ортақ қызығушылықтарыңыз бар адамдармен танысып, байланыс орнатып көріңіз.
- Өз қызығушылықтарыңызға байланысты курстарға жазылыңыз. Мәселен, би, йога, қолөнер тақырыбындағы шеберлік сыныптары, тіпті болмаса төбелес өнері. Жаңа ортада сіз жаңа дос табуға мүмкіндік аласыз.
- Ит асыраңыз. Ит асырайтын адамдар бір-бірімен жақын араласады. Оның үстіне ортақ тақырып та бар, ол – ит.
- Саяхаттаңыз. Жаңа хобби түрін ойлап табыңыз. Немесе қоғамдық белсенділікті талап ететін волонтерлік қызметке жазылыңыз.
- Қысқасы, адамдар көп шоғырланған жерлерге барыңыз. Бірақ бір ескеретін жәйт – сіз достықты қолдан жасай алмайсыз. Сол себепті адамдарға іш пыстырарлық, қызықсыз болып көрінбеуге тырысыңыз.
Бастысы – әртүрлі адамдармен қарым-қатынас орнатыңыз.
Жаңа дос табудың пайдасы қандай?
- Сіздердің өзара қарым-қатынастарыңыз ортақ қызығушылықтар арқылы нығая түседі. Сіз мектепте немесе университетте оқып жүргенде қызығушылық үшін емес, бір топта болғандықтан ғана байланыс жасадыңыз.
- Сіз міндетті түрде өз қалаңыздан немесе өзіңізбен жасты адаммен достаспасаңыз да болады. Интернетпен де араласуға мүмкіндік бар.
- Егер жаңа танысқан досыңыз өзіңізбен жасты болса, оның да пайдасы бар. Әрбір ересек адамның жұмысы мен жеке істері бар екенін ескеріп, кездесуге келе алмайтыныңызға орынсыз ренжімейді.
- Сіз достарыңызбен өткізген әрбір уақытты бағалауды үйренесіз. Себебі сіз оған арнайы уақытыңызды бөліп, назар аударғандығыңыздан ғана кездестіңіз емес пе?
Адам баласы орта жасқа келген кезде достарын жоғалтпауды үйренеді. Және достастық терең бола түседі. Сондықтан да ескі досты бағалап, жаңа досқа құшақ жайыңыз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vk.com
А. Құлтай