- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Оқушының қандай түрлері...
Оқушының қандай түрлері бар?
Кез келген ұжым мектептегі сынып атаулысынан бастау алады. Ол ұжымда міндетті түрде «өзінің ақылдысы, күлегеші, мақтаншағы және жалақоры» болады. Ал оқушылар бұл рөлдерді қандай себепке сәйкес иемденеді? Мұндай мінездің астында не жатыр? Бұл балалармен үлкендердің қалай сөйлескені жөн? Материалымызды осы сұрақтарға жауап іздеуге арнаймыз.
Балалардың барлығы мектеп табалдырығын аттаған уақыттан бастап Жаңа жылға дейін бір-бірімен танысып, өздерін тек жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Көп кешікпей арада 3-4 ай өткен соң әрқайсысы жеке индивид екенін көрсете бастайды. Психолог мамандардың айтуынша, балалардың жоғарыдағы мінездерге ие болуы үйінде көретін тәрбие мен қиындықтарына тікелей байланысты. Осының салдарынан сабақ үлгерімі де төмендей бастайды. Олай болса, бұған жол бермеуге тырысайық.
1. «Ұялшақ оқымысты»
Мысал:
Бауыржан үшінші сыныпта оқиды. Оны мұғалім тақтаға шақырған кезде сынып ду күлкіге қарқ болып, ұяттан қызарғанын рақаттана бақылайды. Бауыржан өз кезегінде сабақ айтуға қиналады. Арасында кекештеніп кетеді. Сынып ұзақ күле бергендіктен, мүлдем сөйлемеуге бет бұрады.
- Отыр орныңа, - деп мұғалім де ұрсады. Бірақ сыныптағылардың барлығы оның өте жақсы оқитындығын біледі.
Жоғарыда өте ұялшақ балаға келтірілген мысал. Бұл балалар өздері білетін ақпаратпен бөлісер кезде шатасып қаламын ба деп қатты қорқады. Осы қорқынышты жеңуге мұғалім көмектесе алады. Яғни бұл оқушының тапсырманы сыныппен бірге орындауын қадағалау керек. Оны сыныптағы 2-3 оқушыға 1 тапсырма беру арқылы жүзеге асыра аламыз. Ұялшақ бала үлкендерге қарағанда өзімен жасты оқушылармен жақсы сөйлеседі. Сондықтан дұрыс жауапты сыбырлап қана сыныптастарына айтады. Дұрыс жауапты естіген бала оны топтың атынан жария етеді. Ал мұғалім әр оқуышыны жеке мақтауды ұмытпауы керек. Мұнымен қатар ұялшақ оқушының қорқынышын уақыт өте келе көпшілікке айтуға арналған баяндамалар беру арқылы жеңуге болады. Мысалы, үй жануарлары туралы қызықты шығарма жазып келіп, сыныптың алдында оқып берсін.
Себеп:
Бұл ұялшақтықтың тамыры отбасында жатыр. Әдетте, ата-анасы балаларына «Сабағыңды 5-ке ғана оқы» деп үлкен талаптар қояды. Оқымаған жағдайда не болатынын да қорқытып айтады. Тәртіпті әрі сабақты бұлжытпай орындайтын оқушы тығырыққа тірелуі мүмкін. Ол үнемі ата-анасының айтқан сөздерін ойлап, олардың үмітін ақтауға тырысады.
2. «Нөмірі бір»
Мысал:
...Сабақтың басы. Мұғалім үй тапсырмасы жазылған дәптерлерін жинап беруді сұрады. Бірақ төртінші сыныпта оқитын Бекжан мен Айдын үй тапсырмасын орындамай келгенін айтты.
- Бұл не деген сұмдық! – деп екілік бағаны көрген Айдынның мамасы мектепке келіп шу шығарды. – Бұл тапсырманы баламыз екеуіміз бірге отырып бірге орындаған едік қой. Айдын барлығын да дәптерге жазған болатын!
Барлық жерде бірінші болуға ұмтылатын Бекжан бұл жолы да көшбасшы болғысы келді. Өзі үй тапсырмасын орындағысы келмегендіктен, орындамай баруға досын да көндірді. Ал мұғалімі бұл жағдайды біліп қойған.
Жоғарыда келтірілген мысалдан барлық істе бірінші болуға тырысатын оқушыны көріп отырмыз. Осы мақсаты үшін бестік бағаны кез келген жолмен алуға тырысады. Ал өзіне жақпаған жағдайдан сүттен ақ, судан таза болып шығуға тырысады. Немесе өзі батып бара жатқан суға өзгелерді де ала кетуді жөн көреді. Мұндай балалар бестік баға ала алмай қаламын ба деп қатты қорқады. Сыныптастарының ішінде тек ең белсенді, табысты дегендермен ғана сөйлескісі келеді.
Себеп:
Оған «№ 1» болу керектігін отбасы мүшелері үйретеді. Мұнымен қатар ата-аналары тек балаларын жақтайтындықтан мұғалімдер бұл кісілермен дұрыс тіл табыса алмайды. Ата-аналары «Сен – данышпансың! Сенің қолыңнан барлығы да келеді. Сен тек бірінші болуға лайықсың!» деу арқылы балаларына үлкен зиян келтіріп отырғандарын түсіне бермейді. Тек денсаулығына емес, оның өміріне қауіп төндіреді. Бұлар 11 сыныпта ҰБТ тапсырған кезде балы алтын белгі иегері атануға жетпей терезеден секіріп қайтыс болатын балалар. Ата-аналары оларға жауапкершілікті тым көп артып қойған.
3. «Мен!»
Мысал:
- Менен! Апай, менен сұраңызшы! – деп бірінші сыныпта оқитын Жаһаншақ партасынан ұшып тұрды. Мұғалім тіпті тапсырманы толықтай түсіндіре алмады. Бұл оқушылар қате болсын, дұрыс болсын өз ойларын айтып қалуға тырысады. Кез келген тақырыпқа байланысты ойлары бар. Жаһаншақ өзге сыныптастарына сабақ айтуға кедергі жасап, сөздерін өз ойымен бөліп жібереді.
Мұндай ұшқалақ балалар әр сыныптан табылады. Әрбір минутты бағалап отырған мұғалімнің де мазасын алады. Нақты жауап қайтарудың орнына, тақырыпты ауыстырып жібереді. Бірақ жауап бергізбеген жағдайда қалған 5 сабақ бойы мазаны алады. Оқушы бұлай жасамауы үшін не істеу керек? Ол әрдайым сұраққа бірінші болып жауап берсін. Артынша «білгіштің» айтқанын дұрыс, дұрыс еместігін қалған оқушылар талдасын. Мұндай оқушыларға жазбаша тапсырма берген жөн.
Себеп:
Ата-аналары бұл оқушылардың мінезі үшін алаңдауы тиіс. Мүмкін ата-аналары оларға дұрыс көңіл бөлмейтін шығар. Немесе ата-аналары не айтса да, тек мазамызды алмасын деген позицияда болуы мүмкін. Сондықтан оқушы еш нәрсенің шегін білмей өседі.
Кез келген бастауыш сынып оқушысының мақсаты – өзін көрсету. Ең бастысы – мұғалімге ұнау. Бала болғандықтан, өзгелерге қандай әсер беріп жатқандықтарын толық бағалай алмайды. Өздерін тым жоғары бағалайды. Барлығының көңіл бөліп, әр сөзін тыңдағанын қалайды. Эмоцияларын дұрыс қадағалай алмайды. Сондықтан оған ескерту жасар кезде абай болу керек. Оны спорттық ойындарға баулудың пайдасы бар.
4. «Күлегеш»
Мысал:
4 «А» сыныбында математика сабағы болып жатыр. Мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіріп жатыр, бірақ оқушылардың назары мүлдем басқада. Әдеттегідей басты назарда Асу. Ол бүгін партаның астына кіріп алып, қағаз ұшақтар ұшырып отыр.
- Жылдам бұрышқа тұр! – деп мұғалім қатты ашуланды. 1 минуттан соң оқушылар ду күлді. Асу төбесіндегі теледидардың тоғын мойнына асып, арқандалып тұрған адамды сомдауда.
Бүгінгі таңда ақылды әрі күлегеш балалар өте көп. Олар 45 минут бойы бір орында отыра алмайды. Бастауыш сынып оқушыларының күлкісін тыю қиын, сондықтан оны болдырмаған дұрыс. Мұндай күлегеш балалар жыбырлай бастаған кезде орындарынан тұрғызып жаттығу жасатқан абзал.
Себеп:
Әдетте мұндай оқушылардың ата-аналары тым қатал немесе нәзік жанды келеді. Осындай тәрбиені көріп өскен бала ішкі қысымнан арылу үшін сайқымазақ болып өзгелерді күлдіруді жөн көреді.
Күлегеш оқушыға көмектесу үшін, біріншіден, сабақ үлгерімін дұрыстауға көмектесу керек. Екіншіден, күлегештігі үшін әрдайым мақтап қою керек. Ал оны тәртіпке шақырып, ашулану арқылы уақытыңызды босқа жоғалтасыз.
5. «Тормоз»
Мысал:
... Сыртқа шығуға белгі беріп, қоңырау соғылды. Ал екінші сыныпта оқитын Серікжан тапсырманы толық орындап болмады. Оқушының бұл әдетіне барлығы да үйреніп қалған. Мұғалім бір нәрсені сұраса, үнемі қате жауап береді. Сыныптастары «Тормоз! Саған жеткенше!» деп мазақтайды.
Оқушының бұл кемшілігін түзетуге болады. Мысалы, оны топпен жұмысқа кірістіруіміз керек. Барынша ең мықты топқа қосып қойған жөн. Мұндай оқушылар күлкіге айнала беретіндіктен, мұғалімдер олардың бойына сенімділік орнатуы тиіс.
Себеп:
Ең бастысы оны асықтырмау керек. Оның бұл әдеті жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуімен тікелей байланысты. Ата-аналары көп ұрсады немесе олардың орнына сабақты өздері орындайды. Оларға сабыр мен мейірімділік таныту керек.
6. «Сөзқұмар»
Мысал:
Төртінші сынып оушысы Анарды дауысынан-ақ тануға болады. Сабақ үстінде даусын бәсеңдетсе де, аузы бір тыным таппайды. Дегенмен мұғалімнің не түсіндіріп жатқанынан хабардар.
Әдетте, мұндай «сөзқұмарлар» кедергі келтіреді. Олардың еш пайдасы жоқ. Ақымақ деуге келмейді, тек сөйлемей отыра алмайды. Сол үшін сөзқұмар оқушыны сыныптағы ең сөйлемейтін баламен отырғызу керек. Сонда тепе-теңдік орнайды.
Олар неге көп сөйлейді? Мұның екі жауабы бар.
Біріншісі – тым көп алаңдайды және өзін ұстай алмайды. (Оларды биге берген жөн).
Екіншісі – ол әлі бала. Яғни психологиялық деңгейде әлі жетіліп болмады. Ойыны қанбады. Олар үшін мектеп қарым-қатынас пен ойын-сауық құратын жер. Ата-аналары оларға мектептегі білімнің болашақтың кілті екендігін түсіндіруі тиіс.
Ал сіз мектепте қандай болдыңыз?
Қ. Бүйенбай