- Негізгі бет
- Психология
- Қызғаныштың түрлері ...
Қызғаныштың түрлері
Қызғаныш – бір нәрсені иемденуге деген құлшыныстан, жоғалтып аламын деген қорқыныштан, сенімсіздік пен махаббатқа деген күдіктен, сатқындықтан туатын сезім. Бойыңыздағы қызғаныш үнемі қайталанып тұратын болса, дабыл қағыңыз. Бұл жеке тұлғалық қасиетіңіз бен серігіңіздің, құрбы-құрдасыңыздың арасындағы қарым-қатынасқа дақ түсіреді. Шараларды қызғаныштың түрін ажыратып алғаннан кейін қолдану керек. Иә, солай. Психолог мамандар қызғаныш сезімінің классификациясын жасап шыққан, яғни, оның да бірнеше түрі болады екен.
1. Менменшілдік қызғанышы
Оның ұраны: "Әрбір зат өзінің қожайынына тиесілі болу керек". Менменшілдік қызғанышының дамуына мынадай мінездер жол ашады: мансапқорлық, эмоционалды салқындық, кешірімсіздік, бірбеткейлік, педантизм және жәй ғана өзгенің тұлғалық қасиетін сыйлай алмау. Бұл түр – ерлер арасында кең таралған. Олар өздерінің орнын басқа біреудің басқанына түбегейлі қарсы болады.
2. Қысымнан туған қызғаныш
Әдетте бұл уайымшыл, күмәнданғыш, өзіне деген сенімі жоқ, қауіпті асыра сілтеуге бейім адамдарда байқалады. Қызғаныштың себебі – адамның өзіне төмен баға беруі. Некеге дейін осындай "дертке" душар болған адам отбасылық өмірді де сақтап қалады дегенге сену қиын. Ол әрдайым өзін сүйіктіме лайықсызбын деген оймен өмір сүреді де, өзгенің сыйынан мақұрым қалады.
3. Тойтарыс беру қызғанышы
Оның бастауы – өзінің жарға адал болмауынан шығады. Мәселен, ол адамды "Мен басқа біреумен көңіл қосып жүрсем, менің де серігім басқа біреуге сезім білдіріп жүр" деген ой билейді. Өзіңіздегі кемшіліктерді оның бойынан іздей бастайсыз. Бұл қарым-қатынас махаббаттан тым алыс.
4. Қарапайым қызғаныш
Жарыңыз күдікті әрекеттер жасап жүрсе, қызғануға қақыңыз бар. Әсіресе, мұндай әрекеттер бұрын-соңды қайталанбаған болса, тексеріс жүргізгеніңіз абзал. Тіпті, көз алдыңызда өзгеге көз тіксе, қызғанышты айыптамаңыз.
5. Ақылға бағынбайтын қызғаныш
Егер қызғаныш қорлықтан, сенімсіздіктен туса оны ақылға бағындыру оңай емес. Серігіңіздің сізсіз уақытын қалай өткізетіндігі туралы бітпейтін сұрақтар оны ғана емес, сізді де төмен түсіреді. Әсіресе, сізге дейін жақсы көрген немесе жай ғана таныс болған адамдарына қызғану жақсылық әкелмейді.
6. Әйел мер еркек қызғанышының түрлері
Ер азаматтар өзінің өзімшілдігін серігінен жоғары қоятындықтан озбыр әрекеттерге барады. Өздері адал болмаса да, өзгенің сатқындығын сирек кешіреді. Әйел қызғанышы тым жұмсақ, бірақ, ақылына бағынбаса тереңге кетіп қалуы мүмкін. Дегенмен, олар көбіне сүйіктімді жоғалтып аламын ба, шаңырағымды шайқалтып аламын ба деген ойлармен әрекет етеді. Психологтар әйел қызғанышын кемшілік емес, әлсіздік ретінде қарайды.
Жоғарыда айтылған қызғаныш түрлері адамның мінезіне, темпераментіне байланысты. Мұндай жағдайға ұшырап жатсаңыз, психолог көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс немесе өзіңізді тәрбиелеуге арналған түрлі кітаптармен дос болыңыз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: chuvstvnet.ru