- Негізгі бет
- Психология
- Жігіттер: қыздар көлікті...
Жігіттер: қыздар көлікті нашар жүргізеді
Қазақстандағы әрбір бесінші жүргізуші - әйел. Олардың қатарының күн өткен сайын көбейіп келе жатқандығын осы жылдың басынан бастап наурыз айына дейін 4000 әйелдің көлік жүргізу құжатын алғандығы туралы ақпарат дәлелдей алады. Нәзік жандыларымыз бесікті де, көлікті де жаулап алуға бел буған секілді... Кезінде аттың құлағында ойнаған Ақжүніс пен Құртқалардың сіңлілерінің бұл әрекеті ешкімді де таңғалдыра қоймас.
Ал тумысынан техникаға жақын келетін әрбір ер азамат өмірінде бір рет болсын әйел затының көлік жүргізу ерекшеліктері туралы ойланып көреді. Олардың арасында "Әйел – нашар жүргізуші" деген стереотип қалыптасып та үлгерген. Ендеше, біз де "Әйел мен еркектің көлік жүргізу әдебінде қандай ерекшеліктер бар?" деген сауал төңірегінде ой өрбітіп көрейік.
Кімдікі аңыз, кімдікі ақиқат?
Арнайы жүргізілген зерттеулер мен сараптама нәтижелері әйел-жүргізушілердің ұқыптылығын және ұйымдасқан түрде әрекет ететіндігін дәлелдеген. Олар рөлді де әдемі ұстайды, абай болады, көлікті де ыңғайлы жерге қояды. Бәрін айт та, бірін айт, апатқа түсетіндердің арасында әйелдер жоқ десе де болады. Мұның бәрі де олардың үй шаруасына бейімділігімен байланысты болса керек.
Бұл бірінші жағы. Енді екінші жағын қарастырайық, әйелдер қауымы дөрекі, ақылға сыймайтын, кейде өзіне де, өзгеге де қауіп тудыратын әрекеттерді жасайды. Бұрылысқа келгенде абдырап тұрып қалатын әйел-жүргізушілерге наздар жиі айтылады, кейбір еркектер мұндайда балағат сөздер айтып жібереді. Және қыздар осындай олқылықтардың қалай және не себептен болғандығын түсіндіріп бере алмайды. Ал біз оны нәзік жандылардың тез шешім қабылдай алмайтындығымен, бағдарлау қабілетінің төмендігімен және оқыс жағдай болғанда рөлді жібере салатын, көзді тарс жұматын әдеттерімен байланыстырамыз.
Жігіттер көлікке баласындай қарайды, ал әйелдер...
Әйел үйден шығып, көлікке жақындағанда оның сыртқы түріне, жағдайына көңіл бөлмейді. Көбіне, өзге адамдардың оның көлікке отырғанын көргенде не ойлайтыны қызықтырады.
Сонан кейін, бірден айнаға қарайды, киімін дұрыстайды, бояуын қадағалайды. Мұның орнына өзінің көлікті айдауға дайындалу керек екендігін естен шығарып алады. Көлікті жүргізгенде де сырттағы адамдардың көзқарасын ойлаумен болады. Жалпы, әйел заты тым көп ойлайды. Тіпті, бір мезгілде бірнеше нәрсені ойлап тастауы мүмкін. Көлікті айдау барысында да, жол ережесін емес, үйдегі, жұмыстағы қиындықтарды ойлап кетуі ғажап емес. Олар жол үстінде боянады, туған-туыс, бала-шағамен телефон арқылы сөйлеседі.
Әйел құжатты еңбекпен алмайды...
Нәзік жандылардың басым бөлігі көлік жүргізу құжатын әкесінен, ағасынан, жігітінен, жарынан сыйлыққа алады. Олардың арасында арнайы курстарға қатысып, техникалық білім алатындар тым аз. Әсіресе, көлікті сыйлыққа алған әйелдер бірден көшеге айдап кетуді армандайды. Достарынан үйренгенді қанағат тұтады. Сондай-ақ, енді ғана жүргізуді бастаған қыздарымыз "туфлидің немесе шәйнектің" суреті бар жапсырма қағаздарды әйнекке жабыстыруды естен шығарып алады. Мұны дизайнерлер босқа жасап шыққан жоқ...
Міне, ел-жұрттың әйел-жүргізушіге тағатын міні мен мақтауы осындай болып тұр. Ал сіз не дейсіз?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com, ulttyqsport.kz