Мұғалім, қызыма сеніңіз!

Мұғалім, қызыма сеніңіз!

Қызым Джекки екінші сыныпта оқиды.

Бір күні мұғалімі Кри телефон соғып, мектепке келіп-кетуімді өтінді. Барған соң Кри мұғалім қызым Джеккидің «Тума кемтарлар қор қоғамы» қайырымдылық қорабынан металл ақша алғанын бір кластасының көргенін айтты.

Бұрын қызымнан әлгі «Тума кемтарлар қор қоғамы» қорабының жұлын сұр затының қабынуы ауруына ұшыраған балаларға көмектескісі келетіндердің металл ақшаларын салуына қолайлы болуы үшін үнемі Кри мұғалімнің мінбесінің үстінде тұратынын естігенмін. Джекки де менен майда ақша алған әрі үй жұмыстарына көмектесіп тапқан ақысын да мектепке апарған болатын, онысын қорапқа салған. Өздерінің мектеп директоры Розвелт те осы түрдегі науқасқа душар болғандығы себепті дөңгелекті орындыққа, кейде қос таяққа сүйеніп жүретінін айтқан болатын. Қызым сол балаларға ерекше жанашырлық білдіретін әрі көмектескісі келетін.

Сонымен, тұжырым жасаудан бұрын Джеккиден сұрауды жөн көрдім.

Сабақтан шыққан соң балалардың барлығы кетіп, сыныпта мен, Кри мұғалім және Джекки үшеуіміз ғана қалдық. Джеккидің қарсы жағына отырдым, ол екі аяғын тоқтаусыз айқастырып, басын салбырата, партасының бетіне қарап отыр. Назарын ақырын өзіме аудардым. Басын көтеріп, менің көзіме қарады. Кішкентай қолдарын қыса ұстадым.

«Кри мұғалімің сенің «Тума кемтарлар қор қоғамы» қорабына қолыңды салғаныңды басқалардың көргенін айтты. Сенен бір-ақ рет сұрайын, сен де бір рет жауап бер» дедім.

Содан: «Джекки, қораптың ішінен металл ақша алдың ба?» дедім.

«Алмадым, шеше!» деді Джекки әрі-сәрі болмастан.

Сол шақта Джеккидің кіршіксіз жанарына қарап тұрып, оның өтірік айтпағанына кәміл сендім. Қолынан жетектей, Кри мұғалімнің сабақ мінбесінің алдына келдім.

Қызымның ұстазына:

– Кри мұғалім, Джекки металл ақшаларды алмады, менің қызыма сеніңіз, рақмет сізге!- деп айттым да, басымды еңкейте Джеккиге,-енді біз дүкенге барып балмұздақ алып жейік,- дедім.

Төрт жылдан кейін Джекки бастауыш мектепті бітірді, оның көне кітаптарын жиыстырып жүргенімде, жазған мақалалары бар бір дәптерді байқап қалдым. Ішіндегі бірінде дәл осы іс жазылыпты.

Ол былай жазыпты: «Қолымды әлгі қорапқа расында салған болатынмын, бірақ сол кезде саусақтарыммен қораптағы металл ақшаларды сипалап санап көрмекші болған едім. Сабақтасым айтқандай қораптағы ақшаны алып жатпаған болатынмын, біреуін де алмадым. Алайда, Кри мұғалімге осылай айтсам да, ол кісі сенбей, шешемді мектепке шақырып келді. Сол кезде барлығының сенбегеніне қатты алаңдадым, не істерімді білмедім. Бағыма қарай шешем маған сенді, ол ақ-қараны айырмастан мені жазғыра жөнелмей, қайта мені ертіп дүкенге барып балмұздақ алып берді. Сол уақыттан бастап шешемнің мәңгі менің мызғымас тірегім екенін білдім, ол мені мәңгі қолдайды, ал мен де мәңгі оны алдамаймын... Мәңгі алдамаймын...»

Жазулар көз алдымда барған сайын буалдырланып бара жатты, аздан кейін бір тамшы жас дәптердің бетіне тырс етіп тамды да, сия іздерімен тоғысып жайылып кетті.

Аударған: С. Үсенбайұлы

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: personalexcellence.co

M. Auelkhan