«Дос боп қалайық!»

«Дос боп қалайық!»

Осы сөзді бәрі болмаса да көптеген жігіт өмірінде бір естиді. Және әдетте мұндай сөзді жаныңдай сүйген адамың айтады. Неге бұлай болды? Қай жерден қателестің? Бұл шырмауықтан шығудың жолы бар ма? Бүгін біз осының шешімін табуға тырысамыз.

Алдымен екі нәрсені нақтылап алайық. Бірінші: «дос боп қалайық» сөзін ДБҚ деп қысқартып аламыз. Екінші: ДБҚ-ның бастапқы және соңғы деп бөлеміз.

Бастапқы – бұл дегеніміз сені қызбен бастапқыдан достық қарым-қатынас байланыстырып келген. Ал сен сол достықты махаббат сезіміне айналдыруды көздейсің.

Соңғы – яғни бұған дейін сен ол қызбен жақын қарым-қатынаста болғансың (немесе жоспарлап жүргенсің), бірақ соңы осы ДБҚ-мен аяқталды. Алайда, бұған келісіп немесе қарым-қатынасты мүлде доғаруға құлқың жоқ, солай емес пе?

Бастапқы ДБҚ

Сенің дос қызың бар делік. Сен онымен жақсы қарым-қатынастасың: кездесесіңдер, ананы-мынаны айтып, әңгімелесесіңдер. Ол сені жақын адамы санайды, көп уақыт жаныңда жүре алады, әрдайым сенің көмегіңе жүгіне алатынын біледі, сырымен бөліседі, уайымын айтады, иығыңа басын қойып жылап алуы да мүмкін, бірақ толыққанды қызың емес, яғни ғашықтар сияқты жақын қарым-қатынаста емессіңдер. Және оған ол келіспейді де.

Неге бұлай болды? Өйткені сен басынан өзіңді дұрыс ұстамадың. Сен өзіңді жігіт ретінде емес, дос ретінде көрсеттің. Сен оның көзінде түсінігі мол және мейірімді дос болдың, сенімен уақытты қызықты өткізуге болады, ашық сөйлесуге болады, бірақ ешқандай сүйіспеншілік сезімін тудырмадың. Сен оған құрбы да, тегін психолог та, жылағанда иығын тоса қоятын жыныссыз «біреу» болып келдің. Мұндай адам кез келген қыздың арманы! Өйткені біреудің қайғы-қасіретін тыңдап отыруға екінің бірінің жүйкесі шыдамас.

Жоқ, әрине, ол да сені жоғалтып алғысы келмейді. Оған сенімен сөйлескен ұнайды, сенің қадіріңді де біледі (марқайып қалсаң болады), тіпті ол сенімен айрылысса қайғырып қалуы да мүмкін. Бірақ өзің ойлашы – мұндай қарым-қатынас саған ұнай ма? Егер ұнаса, онда бұл тақырыпты жауып, әрі қарай оқымай-ақ қой. Өйткені ол қыз сен үшін жаралмаған.

Соңғы ДБҚ

Біраз уақыт кездесіп жүрдіңдер, бәрі жақсы сияқты көрініп жүрген. Бірақ бір мезетте қызың ДБҚ жариялады. Сенің ойыңша «бір мезетте» сияқты. Өйткені қыздар бостан босқа айрылыспайды ғой. Олар жігіттер сияқты аяқ асты шешімдер жасамайды. Әдетте оларға бірдеңе ұнамаса, өзі түсінетін шығар деп, немесе өзі тастап кетер деп соңына дейін күтеді. Және бәрі біржолата жалықтырғанда немесе басқа біреуді жолықтырғанда әдеттегі: «Бұл қарым-қатынастан ештеңе шықпайтын сияқты» деген сөздерін айтады.

Және оған бұл жеткілікті. Сенің қайғырғаның мен күйзелгенің оған маңызсыз. Тек оларды (қыздарды) тастағанда ғана небір жанға жылы тиетін сөздерін айтып, соған сеніп, жылап, көрсете қайғырады... Ал өздеріне келгенде, олар оңай, ойланбай айрылысады, тіпті ештеңе болмағандай.

Неге бұлай? Неге әдетте бәрінен жақын адам ДБҚ жариялайды? Әрине, бұған жүздеген себеп бар. Бірақ басты жауап сұрақтың өзінде. Сол сөздерді тағы бір қайталап оқышы.

Және де басты себептердің бірі сен ол қыздың маңыздылығын бәрінен жоғары қойдың. Сені эмоциялар басқарады, сен оларды емес. Өйткені ДБҚ құрығына әдетте сол қыз десе жаны қалмайтын, оны жоғалтып аламын деп қорқып, бар қалауын орындайтын, оған жан жақты қамқор болатын жігіттер түсіп жатады. Мұндай жігіттер бірте-бірте қыздың қызығушылығынан шығып жатады.

Басқаша алып қарасақ, ол сенімен дос болып қалғысы келсе, демек сен оған әлі де бір қажеттіліктері үшін керексің. Бәлкім, ол болашағына біраз күмәнданады, сол себепті сені запаста ұстап отыр. Оған сенімен сөйлесу ұнауы мүмкін және сенің қызың болмаса да қажетті көмекті алып отыруға қарсы емес шығар. Ал бәлкім, ол сенің жүрегіңді жаралағысы келмей, жұбата тұрудың амалы ретінде осы сөзді айтуы мүмкін (ал негізінде бұл достық жалғаспайтынын өзі жақсы біледі).

Ал ДБҚ-дан шығудың амалы қандай? Бұл жайлы біз келесі материалда тарқата айтамыз.

Сурет: ejin.ru, goodfon.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina