Эгоист деген кім?

Эгоист деген кім?

Эгоист - маған қарағанда, өзін көп ойлайтын адам

Алдыңғы жазбамызда циниктің кім екенін талқыға салған болатынбыз. Бүгін эгоист адам туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Эгоист - құлқынның құлы. Жеке бас пайдасынан бәрінен жоғары қоятын адам. Эгоист адаммен тек өз мақсатына жету үшін араласады. Жолына тұрған кез келген адамға жамандық жасаудан тайынбайды...

"Бұл маған, мынау да маған, анау да менікі..."

Эгоист адамдар қалай өмір сүргісі келсе, солай өмір сүріп қана қоймай, өзгелерді де өз ұстанымдарына бағындыратын жан, - депті Оскар Уайльд.

Көбіне бала кезінде шамадан тыс еркелік көріп, шектен тыс қамқорлыққа бөленген адамдар эгоист болады. Жануарлардың өзі эгоист болып туады, жемтігі үшін жанталаса күреседі, бұл рефлекске көңіл бөле бермейміз. Ал адамзаттың эгоизмі қоғамда көбіне аса жақсы қабылданбайды. Бұл бір жағынан дұрыс та: эгоизмге мойынсұна отырып, біз оның құлы боламыз. Эгоизм тәтті тоқашын өзгелермен бөліскісі келмейтін жандардан басталып, өз мақсаты үшін жақсылықтардың бәрін тәрк етіп, асыл сезімдерді құрбан қылуға даяр адамдарға жалғасады. 

Эгоист адаммен бірге жұмыс істеу өте қиын. Ол жұмыс барысында тек қана өз пайдасын күйттеп, өзінің ғана әрекеті пайда әкеліп, өзінің ғана ісі басшылық тарапынан қолдауға ие болғанын қалайды. Әріптестерінің бірі өліп, бірі қалсын. Ол үшін тек өзі ғана өмір сүреді. Басына пайда әкелмейтін істерден алты шақырым аулақ жүреді.  

Эгоист адам бөлме қапырық болып тұрса да, өзінің тоңатынын айтып терезені ашқызбайды. Ол үшін жұрттың пікірі, жұрттың тілегі бес тиынға татымайды. Өзінің жағдайы жақсы болып, өзі қиналмаса болды. 

Эгоистің түрлері

Ақылды эгоист. Бұндай адам өзіне ғана қызықты нәрселермен айналыса отырып, қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. 

Қу эгоист. Өз мақсаты жолында мынадай қадамға барады. "Сен менің айтқанымды істейсің, әйтпесе, мен сені мына нәрсеңнен айырамын..."

Экологиялық эгоист. Ол белгілі бір ереже бойынша өмір сүруге дайын. Өз ісінің есесіне бірдеңе талап етеді. Қиындығы сол, ол талап ететін нәрсені ешкім орындай алмауы мүмкін. 

Эгоизмнің жақсы жағы да жоқ емес. Мысалы отағасы эгоист болса, ол өзінің отбасын шыр-пыры шығып қорғап, жанұясы үшін жаны қалмайды. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының жағдайы жақсы болғаны үшін күреседі. Дәл осындай әке өз фамилиясының балаларында, немерелерінде, тіпті, шөберелерінде болғанын қатаң қадағалайды.

Сондай-ақ, эгоистер көбіне алға ұмтылудан шаршамайды, талпына береді.  

Эгоизмнің шегі - эгоцентризм. Яғни, адамның өз-өзін бүкіл жер-әлемнің ортасымын деп есептеуі. Ол сағаттар бойы біреуге еш қызықты болмаса да, өзі туралы, өзінің сүйіктісі туралы айтудан жалықпайды. 

Эгоистің антонимі - альтруист туралы келесі жазбаларымыздың бірінде айтып өтетін боламыз.

Ал сен эгоистсің бе? 

сурет:woman.ru

Р. Роза