Балаңызға жау болғыңыз келмесе...

Балаңызға жау болғыңыз келмесе...

Баланың ата-ананы ұнатпауы жайлы сөз болғанда, кейбір ата-аналар ұлының ат жалын тартып мінуін, қызының бой жетуін армандап, үнемі өз баласының ең таңдаулы адам болуын аңсайды. Бірақ, керісінше балалармен шүйіркелесу мен отбасы тәрбиесін назарынан шығарып қояды.

Бірақ, бұл қатып-семген қағида болмауы керек. Балалардың да өз әлемі болады. Кейде олардың ата-анасын ұнатпай қалатын тұстары болады. Егер мұны дер кезінде түзетпесеңіз, бұл ұнатпаудың соңы сыйламауға апарып соғады. Ендеше, балалар қандай ата-налардан мезі болады:

  1. Менменсіну. Кейбір ата-аналар баласын жазғырғанда «Мен бала күнімде, біз кішкене кезімізде...» деп бастайды. Шынын қуғанда бұл сөз бір-ақ рет айтылса жеткілікті. Алайда, олар қашан да өзін мысал етіп, тоқтаусыз қайталай береді. Бұл сөз шынымен-ақ балаларды әбден мезі етеді. Тіпті, бірте-бірте құлақ аспайтын болады. Ата-ана болған адам көңіл-күйін тежей білуі керек. Балалар қабылдай алатын сөздер арқылы балаға жетекшілік ету, өнімді әдіс болып саналмақ.
  2. Ашушаң мінез. Бірде бір оқушым «әкемнің мінезінің неге осынша тарпаң екенінің байыбына бара алмадым. Оның көзіне көрінсем болды, жын көргендей бетің-жүзің деместен жерден алып, жерге салады. Менің түсіндіруімді тыңдап көрген емес» демесі бар ма. Бала мінезі тай тепкендей ашушаң, дөрекі ата-аналарды неге сонша жек көреді? Психологиялық жақтан алдымен ата-ана өзіне деген тәрбиесін күшейтуі керек. Баланың кішкене ғана қателігіне бола ашуға мінетін ата аналар көп. Бұдан да сорақысы балаға ұрысу арқылы өз ішіндегі шерді тарқататын әке-шешелер де жетіп артылады. Бала ешқашан шер шығарудың құрбаны болмауы керек.
  3. Баланы өзгелермен салыстыра беру. Кейбір ата-аналар өз баласының кемшілігі мен өзге балалардың артықшылығын салыстырып, баланың бетіне басады. Мұндағысы баланы жігерлендіремін дегені болса керек. Бірақ, бұл жігерлендіру емес, қайта жасыту. Бұл, біріншіден, баланың өзін құрметтеуіне психологиялық кесірін тигізеді. Екіншіден, бұл сөзге құлағы үйір болған бала сенімінен айрылады. Бұл тәрбие ешқашан табысқа жеткізбейді.
  4. Еркіндігін қалыптан тыс тежеу. Бір оқушы шешесінің күн сайын таңертең сиыр сүтін ішуге мәжбүрлеп, өзіне бесіктен белі шықпаған сәбидей мәміле жасайтынын айтып шағынса, тағы бір оқушы достарымен бірге міндетті жұмыс істеуге уәделесіп қойған кезінде, шешесінің жібермей қойғанын жазғырып, достарының алдында қарабет болғанын айтады. Міне, бұл бала көңіліне дақ болып қалатын «еркіндіктен тежеу» тәрбиесі. Баланың еркіне ерекше құрметпен қараған жөн. Балаға бұйрық беру арқылы емес, керісінше, ақылдасып, тең мәміледе сөйлескен дұрыс. Кең қолтық отбасында ержеткен баланың мінез-құлқы кемелді, өзіндік ерік-жігері, шешім жасау қабілеті бар адам болып өседі.
  5. Баланың үйренуінен басқа ештеңеге көңіл бөлмеу. Бірде бір оқушы "Әкеме футбол туралы әңгімей айтып берейін деп, бастай бергенім сол еді сөгіске ұшырадым. Сен қатты құлшынып үйренбесең, келешекте жарамсыз адам болып шығасың. Мүмкін футбол жарысының бір билетін де ала алмайтын шығарсың дейді. Бұлай екі сөзге келмей дүрсе қоя берсе, онымен қалай ғана тіл табыса аламын" деп мұңын шақты. Мұндай ата-аналар баланың тек сабақ нәтижесін ғана көзде ұстайды да, бұдан өзгесін қағыс қалдырады. Бұл түрдегі «оңай олжа табуды көксейтін» тәрбие болашақ ұрпақты сәтсіз өмір жолына ғана итермелейді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: teacherclub.ru

Қ. Қауымбек