Кофе түрлері

Кофе түрлері

Кофенің сансыз көп түрі бар. Кейде мейрамханада кофеге тапсырыс бергенде тіпті қайсысын таңдарымызды білмей қаламыз. Дұрыс таңдау жасау үшін кофе түрлерінің бір-бірінен айырмашылығын біліп жүрейік.

Эспрессо – қою, қара кофе түрі. Бұл кофеге сүт қатпайды, оны кішкентай шыныларға құяды. Әдетте оны арнайы қайнату мәшинесінде дәмдейді. 90 градустағы 25-30 мл суға 7 грамм ұнтақталған кофе дәнін қосады. Нағыз эспрессоның бетінде сарғыш-қоңыр көбік болады. Эспрессоны бірден ішіп қойған жөн, ол тез суып, дәмі өзгереді. 

Американо кофесі эспрессоға ыстық су қосу арқылы дайындалады. 100-120 мл суға 14-16 г ұнтақталған кофе дәндерін ерітеді. Артынан 1:1 қатынасында сумен араластырады. Демек ол эспрессо сияқты қою болмайды.

Танымал Капучино кофесі былай әзірленеді. Оның  1/3 бөлігі эспрессо, 1/3 бөлігі ыстық сүт, 1/3 бөлігі сүт көбігі болады. Капучиноның әдеттегі көлемі - 150 мл. Бұл кофе Италияда тек таңертеңгі сусын болып саналады.

Латте атты кофеге 1 бөлік эспрессо мен 3 бөлік сүт қосылады. Әдетте үстінде кішкене сүт көбігі болады. Бір қызығы латтены жасағанда кофе мен сүтті қабаттап құйып, араластырмайды. Бұл ең калориялы кофе түрі.

Мокко кофесі 1/3 бөлік эспрессо, 1/3 бөлік ыстық шоколадтан тұрады. Какаоның әсерінен құрамындағы кофеин шамасы көбірек болады. Сондықтан мокконы қатты шаршап тұрғанда ішсеңіз болады.

Макиато кофесінде эспрессо мен сүт бірдей қатынаста болады, яғни 1:1. Сүтті әдетте көбіктендіріп құяды.

Ал сіз қандай кофе ішкенді ұнатасыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: basik.ru

С. А