Мәзір: Сарымсақ қосылған палау

Мәзір: Сарымсақ қосылған палау

Палау халқымыздың ең сүйікті, сондай-ақ әзірленуі оңай тағамдарының бірі. Палау басу өнері әр қалада ғана емес, әр отбасында әрқалай болады. Оның әзірленуін қыз-келіншіктер тұрмақ, бойдақ жігіттер де білетін болар. Бүгін біздің оңай әрі тез дайындаланатын палау мәзірімен таныс болыңыз. Сондай ақ бұл палаудың ерекшелігі сарымсақтың қосылуында.

 

 Құрамы:

  • сиыр немесе қой еті - 300г;
  • күріш - 2 пиала;
  • сәбіз - 3-4 дана;
  • пияз - 1 дана;
  • сарымсақ - 1 дана;
  • тұз;
  • сұйық май.
Етті майдалап, сәбізді ұзын текшелерге тураймыз. Тым ұсақ турап қоймаңыз.
 Пиязды да орташа бөліктерге тураймыз.
 Күрішті тазалап жуамыз.
 Сарымсақты жуып, үстін қайнаған сумен жібітеміз.
Қызған қазанға сұйық май құйып, ет салыңыз. Етті шамалы тұздаған жөн.
 Қуырылған етке сәбізді қосамыз.
 Көп ұзамай, пиязды да қазанға саламыз.
 Әбден қуырылған ет пен көкөністерге су құямыз. Палау әзірлегенде көпшіліктің жіберетін қателігі суды көп не аз мөлшерде қосуы. Мәзірдің осы қадамында көкөністерді жабатындай су қажет. Тағы бір кеңес: жаңа қайнаған суды қолданыңыз.
Суға жарты ас қасық тұз қосыңыз. Басында етке тым көп тұз қоссаңыз, бұл қадамда оның мөлшері кемірек болуы керек. Сорпаны бір қайнатып, күріш салыңыз. Күріш судан көп болып, беті көрініп тұрса, үстінен қайнап тұрған суды қосыңыз. Сорпа күріштің бетінен бір саусақ жоғары болуы керек.
 Сарымсақты қазанның тура ортасына жайғастырамыз. Күрішке батып тұруы шарт.
 Күріштің бірнеше жерінен шұңқыр жасаңыз.
Қазанды қақпақпен жауып, палау піскенше бетін ашпау керек. Палаудың пісуіне жарты сағаттай уақыт керек.

 Сарымсақ қосылған палау дайын. Асыңыз дәмді болсын!

С. А