Аспаз бойжеткендерге арналған кеңестер #3

Аспаз бойжеткендерге арналған кеңестер #3

Бойжеткендердің барлығы бірдей тамақ жасауды ұнатады деп айту қиын. Бірі анасының дәмді тамағын жеп дағдыланса, екіншісі сабақтан немесе жұмыстан шаршап келетіндіктен, тамақ жасауды ұнатпайды. Бұдан өзге сүйікті жар атанып, туған-туысқандарын дәмді тағамдарымен қуантатындары да көп. Тамақты қандай жағдайда дайындасақ та, төмендегі кішкене қулықтарды біле жүрейік!

- Бәліштің күйіп кетпеуін қаласаңыз, астына тұздың ірі ұнтағы мен су құйылған қағаз салып қойыңыз;

- Егер духовкіге пісіріп жатқан бәлішіңіз бірден қызарып кете беретін болса, оның бетін таза қағазбен жабыңыз;

- Дайын тортты қалбырдан шығармас бұрын дымқыл орамалдың үстіне қойыңыз, осылайша ыдысынан өзі ажырайды;

- Басылып қалуы мүмкін болғандықтан, тортты бірден суыққа алып шығудың қажеті жоқ;

- Егер қамырға қажет мөлшерде тұз салмасаңыз, тығыз немесе керісінше тым жұмсақ болып пісуі мүмкін;

- Маргарин қосылған қамырдан жасалған тағамдар көпке дейін көгермейді;

- Грек жаңғағының ядросын дұрыс тазалап алғыңыз келсе, 15-20 минутқа ыстық суға салып қойыңыз;

- Құмшекерлі қамырға қосатын майды үккіштің ірі бөлігінен өткізген жөн. Сол кезде пісіру барысында майы сыртқа шықпайды;

- Ұнды пайдаланбас бұрын бірнеше рет елгезерден өткізіңіз, сол кезде ұн оттегімен жақсы араласып, көтеріліп піседі;

- Бәлішті духовкіге салмас бұрын 15-20 минутқа жылы жерге қойыңыз;

- Бәлішті жоғарыдағы рәсімнен кейін бірден қатты ысып тұрған духовкіге салыңыз;

- Бәлішті 120-180 градуста пісіріңіз;

- Құймақты пісірер кезде құрамына 30-40 грамм өсімдік майын құйыңыз. Содан кейін ол табаға жабыспайтын болады;

- Дайын бәлішті жіптің көмегімен кескен жөн;

- Ашытқыны қамырға қоспас бұрын қант салынған жылы сүтке салып араластырыңыз. Артынша аз уақыт жылы жерде тұра тұрсын;

- Нанды ашытқан кезде құрамына майлы заттарды көп қосудың қажеті жоқ. Ол майлы заттар ашытқының әсер етуіне кедергі жасайды;

- Бәліш отырып қалуы мүмкін болғандықтан, духовкінің есігін қатты жаппаңыз;

- Жылы қамырдан қатты, тез үгітілетін заттар жасалатындықтан, құмшекерлі қамырды илеп болған соң суық жерге қойыңыз;

- Торт қатты әрі шикі пісетіндіктен, оны қатты ысып тұрған духовкіге салмаңыз;

- Торт безендіргіштерін қызыл түске бояғыңыз келсе, шие мен таңқурай шырынын, ал сары түске бояғыңыз келсе, апельсин шырынын пайдаланыңыз;

- Егер жеміс қосылған бәліш пісіргіңіз келсе, ішіне көп мөлшерде қант салмаңыз. Тәтті қылу үшін бетіне қанттың майда ұнтағын сеуіп қойсаңыз жеткілікті.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: stolle.ru

Қ. Бүйенбай