- Негізгі бет
- Аспаздық
- Шай ішсең, көңілің...
Шай ішсең, көңілің жай...
Шайдың тоңса, бойды жылытатын, шөлдегенде, шөлді қандыратын, ұйқы басса, сергітетін қасиеттері үшін оған қазақ халқы осындай мақал арнаған. Шынында да, шайдың құрамында толып жатқан биологиялық пайдалы заттар бар.
Шайдың жапырағында, одан әзірленген дайын шайдың құрамында адамның орталық жүйке жүйесін тыңайтатын кофеин, теобромин, теохиллин деген заттар бар. Соның ішінде кофеин ой және дене күші жұмысын жақсартады.
Шайдың құрамындағы кофеин кофеден гөрі жұмсақтау, жанға жайлы тиеді. Шайдың құрамындағы теобромин мен теохиллин мидың қан тамырларын кеңейту арқылы шаршағанды, бастың ауруын басады. Шай дәруменге де бай: онда В1, В2, А каротині және Р дәрумені бар, әсіресе, Р дәруменінің шипасы мол. Сондай-ақ, амин қышқылы, көмір қышқылы, органикалық қышқыл, эфир майы және басқа қосындылар кездеседі. Осы заттардың шипалық қасиеті бүлінбеуі үшін шайды дұрыс пайдаланып, жөндеп шығара білу қажет.
Шай дымқылды және әр түрлі иісті өзіне оңай тартатындықтан, құрғақ әрі жабық ыдыста сақталғаны жақсы. Сондықтан шайды беті жабық шыны не фарфор ыдыста ұстаған жөн.
Шайды металл шәйнекке демдегенде, дәмі бұзылады, оған тек шыны не фарфор шәйнек қолайлы. Шәйнекті алдымен ыстық сумен шайқап, мөлшерлеп шай салған соң, 4-5 минут тындырып қойып, үстінен қайнаған суды еселеп құю керек. Отқа қойып қайнатса, дәмі бұзылады.
Өсімдік дүниесінде құрамында Р дәрумені бар шаймен теңесер шипалы нәрсе кемде-кем. Р дәрумені С дәруменімен қосылғанда, шипалық қасиеті арта түседі. Ал С дәрумені лимонда мол. Сондықтан да қыста және көктемде жеміс-жидек жоқ кезде шайды лимонмен ішу өте пайдалы.
Жүрек-қан тамырлары ауратын және қан қысымы жоғары адамдар шайдың құрамындағы кофеинді азайту үшін оны пайдаланар алдында жылы суға кішкене салып, суын төгіп, сонан соң, демдеу керек.
Шайды қаралай емес, сүт қосып ішкен дұрыс. Себебі сүт шайдың құрамындағы теріні қатайтатын заттың әсерін азайтады.
Ал, қара шайға қарағанда көк шайдың микробқа қарсылығы күшті. Сондықтан науқастанғанда сүтсіз көк шай ішу пайдалы.
Сурет: sait-sovetov.net