- Негізгі бет
- Сымбат
- Табиғи шаш бояулары...
Табиғи шаш бояулары
Шашыңызды өзгертіп, жанартқыңыз келеді, бірақ оны химияалық қосылыстары бай бояумен жарақаттамаймын десеңіз, табиғи бояғыш қына мен басманы қолданып көріңіз.
Басма
Басма – керемет қасиеттері бар табиғи бояу. Ол – индиго атты өсімдіктен жасалатын сұр-жасыл ұнтақ. Ол шаштың тез өсуіне ықпал етеді, оны ішінен берік қылады, табиғи жылтыр береді. Сондай-ақ басма шаш тамырын мықты қылып, қайызғақтан арылтады. Бас теріңіз химиялық бояуларға тым сезгіш болса, басманы қолданып көріңіз. Басманы қынамен бірге қолдану керек, басқа жағдайда, шашыңыз жасыл болып қалады. Табиғи басма мен қынаны қолданып, шашты қара, қоңыр түстердің түрлі реңктеріне бояй аласыз.
Қына
Өсімдіктен жасалатын табиғи шаш бояуы. Үй жағдайында қолдануға болатын қарапайым қына шаштың бетін қаптап, ішіне сіңбейді. Нәтижесінде қызыл-қоңыр, қоңыр түстердің түрлі реңктеріне қол жеткізуге болады. Қауіпсіз шаш бояумен қоса, қына шашқа күтім көрсетіп, көлем беріп, жылтырлата түседі. Қына шашты күннің жаман әсерінен қорғап, шаштың түсуін тоқтатып, қайызғақтан арылтып, бас терісін тазалайды.
Табиғи қынамен шаш бояғанда бояудың қандай болатындығын дәл айтуға болмайды. Түстің реңкі қатты не бәсең шығуы мүмкін. Сондықтан басында бір бұрым шашты бояп көрген дұрыс. Құрамында қына бар бояғыш сусабындар мен басқа да арнайы бояғыш құралдар қолданған абзал. Ағарған немесе химиялық бұйраланған шаштарға қына қолдануға болмайды, себебі құртылған не түсі кеткен шашты одан әрі құртуы мүмкін.
Уақыт өте қынаның түсі шайылып кете алады, алайда оны айына екі реттен жиі қолдануға болмайды. Оны жиі қолдансаңыз, қына кері әсер беріп, шашыңыз өңсізденіп, түсі жаман болып кетуі мүмкін. Табиғи бояғыш заттар қауіпсіз болса да, кейбір түрлері, мысалы түрлі түсті қына аллергия қоздыруы мүмкін.
Айта кетсек, басқа бояумен шашты бояу үшін қынамен боялған шаштың өсіп кеткенін күту керек. Химиялық бояулар қына қабатынан өте алмайды екен.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: persianshop.com.ua
С. А