Әтір иісін қалай кетіруге болады?

Әтір иісін қалай кетіруге болады?

Таңдап жүріп сатып алған иіссуымыздың аз уақыт өткеннен кейін ұнамай қалатын немесе бір емес бірнеше түрлі иіссуды пайдаланатын кездеріміз жиі болып тұрады. Қырсыққанда, бір жаққан иіссуымыз ұзақ уақытқа сақталып қалып, көңіл-күйімізді түсіріп, ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Мұндайда "өзі кетер" деп қол сілтемей-ақ, біз ұсынатын кеңестерді пайдаланып көріңіз.

Терідегі иісті кетіру.

Білекті су мен сабынның көмегі арқылы жууды байқап көрдіңіз. Әсер ойдағыдай емес. Иістер формуласындағы ингредиенттер суда емес, спиртте ертіледі. Осы логикаға сүйенсек, иісті таза спирттің көмегімен кетірсе болады. Бірақ, спирт сасып жүрген кімге ұнайды дейсіз Сондықтан, басқа жолын қарастырып көрейік.

Макияж кетіруге арналған құрал. Суға төзімді косметикаға арналған құралды таңдау керек. Мақтаға тамызып, парфюм иісі бар аймақтарды сүртіп шығыңыз. Мақтаны 3 минутқа қалдырып қоюға да болады. Қайталаңыз. Енді теріні жақсылап жуыңыз. Иіс кетті!

Май. Көптеген парфюмерлер осы әдісті құп көреді. Жұмыстан үйге қайтқанда рухани, физикалық қана емес, иістен де арылып демалғыңыз келеді. Сол кезде бадамның, жожобаның немесе жүзім сүйектерінің майын қолданып көріңіз. Теріні май тамызылған мақтамен ысқылаңыз. Содан кейін сумен, душқа арналған гельмен жуып шығыңыз да, теріні нәрлендіруге арналған лосьон жағып қойыңыз.

 

Кір жуатын ұнтақ. Бұл әдіс те тез әсер етеді. Сабынның орнына кір жуатын ұнтақты пайдалансаңыз жетіп жатыр. Алайда, ұнтағыңыз иістендірілген болса ескі иістің орнына жаңа иіс пайда болады. Оның сізге ұнамауы да мүмкін.

Киімдегі иісті кетіру.

– Химиялық жолмен тазарту;

– Киімді ашық ауаға жайып қою;

– Ас содасын пайдалану (киімді содамен бірге қорапқа немесе қалтаға салып қойыңыз);

Айтпақшы, ас содасы иіссудан басқа, түтін, асхана иістерін де сіңіріп алады.

Шаштағы иісті кетіру.

Бай жұпар иістер шашты жуғаннан кейін де қалып қояды. Ол үшін "француздық әженің әдісін" пайдаланып көріңіз.

1-2 ас қасық алма сірке суын (шарап та жарайды) бір стақан сумен араластырыңыз да, шашыңызды жақсылап жуып шығыңыз. Одан кейін сумен жуудың қажеті жоқ. Кепкеннен кейін шаштан әтірдің де, сірке суының да иісі шықпайды, керісінше жылтырай түседі.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: 7nogotok.ru, ladyonline60.ru