- Негізгі бет
- Езутартар
- Мықтыбек Оразтайұлының like-қа...
Мықтыбек Оразтайұлының like-қа лайықты жазбалары
Оның ақындық қасиеті бар. Өмірде болып жатқан оқиғалардың, әлеуметтің тынысын тамыршыдай тап басып айтып отыратын айтқыштық қасиеті де жоқ емес. Мықтыбек Оразтайұлының жазбасын оқыған соң біріншіде күлесіз, кейін ойға батасыз. Әлеуметтік желідегі кей сөздерін терген болдық.
***
Былай қылайық. Топас десе топас бола салмай, "топастың" "ас" деген сөзін алып тастап, өзіне қайтарайық. Ол "Беш" қылып өзгертіп алсын. Ал, біз, "компьютер алдындағы ТОПтар" боламыз. ТОП-ҮЗДІК.
***
- Сені "компьютер алдындағы топастар" деп жатыр. Шық енді интернеттен!
- Дей берсін. Мен компьютермен емес, телефонмен кіріп отырмын ғой.
***
Мың бір досым бар екен дәл қазір. "Мың бір постың болғанша мың бір достың болсын" деп қояйын)
***
Ертеңге ешқашан жете алмаймыз. Бүгінгі күн бітеді, таң атады, бірақ, ол күнді де "бүгін" деп атаймыз. "Ертеңіміз" тағы да бір күнге ары ығысады" дейді философ көршім.
***
"Тақырбас қыз, қаладым сені,
Шашың өссе аламын сені" деуші едік. Лентаны неге Маржан басып кетті десем, Маржанның "шашы өскен" екен ғой. Мейлі, бақытты болсын. Сондай-ақ, бір-екі баламен шектеліп қалмай, қазақтың санын көбейте берсін, көбейте берсін.
***
ФБ-дан ұзап кетсеңіздер айтып жүрерсіздер
"АРМАНДАСТАРДЫҢ" ӘУЕНІМЕН
1. Ғаламторда басымызды қосқан едік,
Бәріміз де виртуалды достар едік.
Түрлі-түрлі тақырыпты бастап едік,
Қайдасыңдар достарым?
Қ-СЫ
Коммент жазып лайктарды басқан едік,
Талай-талай группа ашып тастап едік.
ФБ-ластар қайда?
ФБ-достар қайда?
Аккаунттар, парақшалар қайда екен?
2. Гугл шарлап сілтемеге өттіңдер ме?
Фейсбуктің қадіріне жеттіңдер ме?
Әлде басқа желілерге кеттіңдер ме?
Қайдасыңдар достарым?
***
Футбол әлем біріншілігі кезінде әрбір ойындағы қызықты деректермен бөлісіп, өз көрген-түйгендерін де жазып отырды бұл кісі. Солардың бірінде финалдық ойын еді. Германия құрамасы экстра-таймда гол соққанда Мықтекең былай дей салыпты:
"Ұстатпайды екен ғой Гетце деген,
Тайынбайды екен-ау ештеңеден.
Экстра таймда тоқтата алмай,
Қорғаушылар шаршады өкшелеген.
Мінезін көрсетті де салқын ғана,
Қуантып тастады ғой халқын жаңа.
Көптің бірі боп келіп ақырында,
Атанып шыға келді "алтын бала"
***
Бұдан кейін жеңілген аргентиналықтардың жанкүйерлеріне арнап, көңіл айту өлеңі іле-шала шығып кетті:
Бұл өмірде жеңіс бар, жеңіліс бар,
Түрлі-түрлі сәттерден көрініс бар.
Жеңілісті ешкім де ұнатпайды,
Ал, жеңіске пенденің бәрі құштар.
Артта қалды.
Арт қалды, өтті бәрі,
Ештеңенің мәңгілік жоқ тұрағы.
Жеңістің тәтті дәмі шат қылады,
Өртейді жеңілістің ащы дәмі.
Жеңілістен тұрмайды мына жалған,
Сәттілік те күлімдеп шығар алдан.
Жігері мол жолаушы қайсар болса,
Тоқтай қоймас бір мәрте құлағаннан.
***
"ҚАТЫНДЫ ҚҰРТ ЖЕП ЖАТЫР"
Мақтаны аралап жүріп құрт тауып алдым. Кешелі бері күн салқындап еді, дереу пайда болыпты ғой. Күн қатты ысыса ыстыққа шыдамай өліп қалады.
Құрт дегенім – кәдімгі мақтаның көсегін жейтін жап-жасыл жапырақ түстес буылтық-буылтық, жауын құртына ұқсас жәндік. Мақтаның жауы. Мақтаға құрт түспесін, түссе дымын қалдырмайды, жер сипап қаласың.
"Көсек құрты" десе 1998 жыл есіме түседі. Адамдар кеңшарлардан енді ғана жерлерін бөліп алып, "тәуелсіз шаруаға" айналып, өз беттерінше әрекет жасай бастаған жыл болатын. Сол жылы мақтаға көсек құрты жаудай тиді де, адамдардың барлығы қарызға батып қалған.
Менің Полат деген досым бар еді. Сол жылы "мақтаны сатсам келіншек аламын, үйленемін" деп жүрген-ді. Бір күні сонымен мақталығының басында жолығып қалдым. Мазасы жоқ. Сөйтсем, мақтасына құр түсіп, дымын қоймай жапырып барады екен. Жанымдағы жігіт оған,
- Мақтаға жақсылап қарай бер, тойыңды жейміз деп күтіп жүрміз,-деді.
- Қайдағы, үйлене алсам де...
- Неге? -дейді жанымдағы жігіт,- жұрт сені биыл күзден қалмай үйленеді деп гулеп жүр ғой, - деді.
Полаттың да жауабы дайын екен,
- Мынаны көрдің бе? - деді Полат бір-екі жап-жасыл құртты көрсетіп,-мақтада құрт жүр.
- Оппоо...
Полат жәй ғана,
-Жағдай солай... Қатынды құрт жеп жатыр,-деді.
Мен оның бұл сөзіне біраз уақыт күліп жүрдім.
Жинаған: Ардақ Құлтай
Сурет: автордан
А. Құлтай