Семіздік себептері мен оны емдеу жолдары

Семіздік себептері мен оны емдеу жолдары

Семiздік немесе артық салмақ деп ағзада майдың мөлшерден тыс көп болуын айтады. Және май барлық жерде жиналады: терi асты жасұнықта, бүйрек айналасында, жүректiң бетiнде, қабырғаларда, мойында.

Семiздік денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Оған қоса, артық салмағы бар адамдар ауыр психологиялық қиындықтарға душар болады. Өйткенi бiздiң қоғам сымбаттылық пен арықтықты бағалайды. Бұл әсiресе әйелдер мен жасөспiрiмдерге қиынға соғады.

Дәрiгерлер семiрудiң келесi себептерiн анықтаған:

1. Тұқым қуалаушылық;

2. Эндокринды аурулар;

3. Аз қимылдау және тамақ құрамындағы майдың шамадан тыс көп болуы;

4. Мидың нақты бөлшегінiң жарақаттануы;

5. Кейбiр психикалық ауытқулар.

Семiрудiң 4 дәрежесі және 2 кезеңі болады: дене салмағы үнемі өсіп тұратын үдемелі, және артық салмақ болса да, ары қарай үлкеймейтін тұрақты кезең.

I дәрежелі семіздік: дененiң нақты салмағы идеал массадан 29%-ға дейін асады.

II дәреже: дененің нақты салмағы идеал массадан 30-40%-ға дейін асады.

III дәрежелі семіздік: 50-99% пайызға дейін асуы.

IV дәреже: айырмашылық 100%-дан жоғары.

Семіздік әрқашан ағзаның жұмысын тежейді: жүрек жұмысы ауырлайды, қан айналымы бұзылады, демікпе пайда болып, адам тез шаршайды, инфекциялардан қорғанысы әлсірейді.

Семіздікті емдеу

Артық салмақты өз бетіңізбен толық емдей алмайсыз, алдын ала дәрігермен кеңескен дұрыс. Мүмкін семіздік белгілі бір аурудың салдары шығар. Бұл жағдайда сол ауруды емдеу керек.

Семіздікті емдеу тәсілдері:

  1. Дәрі-дәрмексіз тәсілдер. Калориясы төмен азыққа негізделген емдәм мен жүйелі дене жаттығулары.

Барлық диеталар келесі талаптарға сай болу қажет: калорияның айқын тапшылығын қалыптастыра отырып, денсаулыққа зиянын тигізбеу үшін тиімді және үйлестірілген тағам пайдалану. Бірде-бір дәрігер өте аз уақыт ішінде салмақ тастауға көмектесетін диетаны құптамайды. Семіздіктен біртіндеп арылу қажет.   

2. Дәрі-дәрмекті тәсіл. Дәрігер тәбет қашыратын және құнарлы заттардың сіңірілуін азайтатын немесе гормоналды жағдайыңызды қалыпқа келтіретін препараттарды жазып беруі мүмкін.

3. Хирургиялық тәсілдер:

- Липосакция, яғни тері астынан артық майды алу;

- асқазан көлемін кішірейту үшін кигізілетін арнайы сақиналарды асқазанға орнату операциясы;

- Абдоминопластика – салбырап қалған немесе тым үлкен қарынды жоятын ота.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!

Дәрігерлер аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балаларға арықтауға рұқсат бермейді. Әдетте балалар дене қимылының аздығынан семіреді. Дұрысы, томпақ балақайдың бойы салмағын «қуып жеткенше» бір қалыпта ұстауға тырысу керек.

Семіздік – медициналық мәселе. Сондықтан, толық адамды оның дене бітімі үшін кемсітуге болмайды.

Семіздіктің алдын алу:

1. Салауатты өмір салтын ұстану;

2 Спортпен шұғылдану;

3. Көкөніс пен жемістерді көбірек жеу;

4. Артық салмақ қосқаныңызды байқаған сәттен бастап, спорт және қауіпсіз диетаның көмегімен арықтауға тырысу керек. Егер әсері болмаса, дәрігерге қаралаңыз. 

Сурет blogs.telegraph.co.uk сайтынан алынған