- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ыстық күннен қорғану...
Ыстық күннен қорғану
Жаз бел ортасына тақап қалды, сәйкесінше күн температурасы да +30 көрсеткішінен біраз уақытқа түспейді деген сөз. Мұндай кезде жұмыс істеу түгілі, демалу да қиындай түседі, әсіресе қалалық жерлерде. Мұндай кезеңді денсаулыққа зиянсыз етіп өткізу үшін бірнеше қарапайым ережелерді ұстану керек.
Ыстық күнде дұрыс тамақтану өте маңызды. Дәрігер-диетологтар бұл уақыттары көкөністер мен сүт тағамдарын көбірек тұтынып, ал ет және мал майларынан бас тартқан жөн дегенді айтады. Тамақты қатты тойып ішпеген дұрыс. Ыстық күндері таңертең әдетте асқа тәбет болмайды, сондықтан ағзаны қинап ішудің қажеті жоқ. Ал бірақ міндетті түрде бір стақан сұйықтық ішіп алған дұрыс.
Шөлді көк шаймен, газы жоқ минералды сумен, сонымен қатар қайнаған су араластырылған шырынмен басу керек. Квас немесе лимон мен бал қосылған су да жақсы сергектік береді. Ыстық күндері сүт өнімдерінен жасалған – айран, йогурт, ашытқы сияқты сусындар өте пайдалы. Ал бірақ бұл кезеңдерде қатты диета ұстамаған абзал. Егер арықтағыңыз келсе, тек аз калориялы тағамдар тұтыныңыз.
Далада спортпен айналысуды да салқынырақ мезгілге қалдырған жөн – физикалық жаттығулар ағзаның құрғауына әкелуі мүмкін.
Жазғы ыстық ағзаға салмақ түсіреді. Ауаның ыстық температурасынан тер көп бөлініп, жүрек тез қағады. Демалу жиілеп, ағза ылғалдан, дәрумендер мен минералды тұздардан арылады, әсіресе жүрек бұлшық еттеріне маңызды магний және натрийге тапшы болады. Сондықтан ыстық күн жүрек-қан тамырларымен ауыратын адамдарға өте қауіпті. Ыстық күндері гипертониялық аурулары, жүрегінің ишемиясы барларда жүрек ұстап қалу қаупі бар. Қан қысымы төмен адамдарда әлсіздік пайда болады. Сондықтан, мұндай адамдарға дәрігерлер ыстық күнде ағзаға физикалық салмақ салмай, адам толы көлікте жүрмеуге, қан қысымын бақылап, тұзды тағамдарды көп пайдаланбауға кеңес береді.
Қан тамырлары ауыратын адамдар суық суға түсерде абай болғаны жөн. Егер ауа температурасы мен су температурасының айырмашылығы 10 градустан асса, суға түсу жүрек ұстап қалуына негіз бола алады. Күннің астында көп жатып, бірден суға кіре кетпеңіз. Суға түсер алдында денеңізді уқалап, жаттығу жасаңыз. Ал судан қатты дірілдемей тұрып шыққан жөн.
Сурет: profi-forex.org
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina