- Негізгі бет
- Денсаулық
- Шынайы сұлулықтың 9...
Шынайы сұлулықтың 9 ережесі
Шынайы сұлулық дегеніміз не? Шығыс даналарының айтуы бойынша, шынайы сұлулық дегеніміз ең әуелі мықты денсаулық. Денсаулығы мықты жан ғана әр кез жадырап, өзін жақсы сезінеді.
Әр әйел заты өзін күтеді. Әрқайсысының өз құпиясы бар. Мысалы, Мысыр елінің ханшайымы Клеопатро сүтті суға шомылған екен. Ал Софи Лоррен күнделікті көп мөлшерде таза су ішіп тұрады. Анжелина Джоли болса, тісін құлпынаймен ысқылайды екен.
Америка ғалымдары шынайы сұлулықтың бастауы денсаулықты күтуден келетінін ғылыми түрде дәлелдей отырып, сұлулықтың тоғыз ережесін жасады.
№1 - Дұрыс ауқаттану. Тамақтану уақытын сақтау керек. Таңертеңгі ас мәзірінде жұмыртқа немесе сұлы жармасының ботқасы болған жөн. Тәтті тоқаш, кәмпит, шәрбеттің орнына жеміс-жидектерді, кептірілген өрік-мейіздерді, бал сияқты пайдалы тағамдарды пайдалану керек. Түскі астан кейін, міндетті түрде, жеміс шырынын не нәрсу ішу керек.
№2 – Таза су. Күнделікті 7-10 стакан таза су ішіп тұру керек. Су ас қорыту жүйесін жақсартып, ағза температурасын бір қалыпты ұстап тұрады. Таңертең аш қарынға бір стакан таза су ішкен жөн. Ара-тұра су диетасын ұстауды ұмытпаңыз.
№3 – Өсімдік майлары. Ас қорыту жүйесі мен ағзадағы зат алмасу процесін жақсарту үшін таңертең бір ас қасық асқабақ, зәйтүн, күнжіт т.с.с. өсімдіктердің майын ішіп тұру керек.
№4 – Ұйқы. Белгілі себептерге байланысты ұйқы бұзылуы мүмкін. Сондықтан да, кешкі уақытта бір сағатқа ерте жатып, уақытылы ояныңыз. 2-3 күннен кейін өзіңізді жақсы сезінетін боласыз. Ұйқыңыз келмеген жағдайда жалбыз жапырақтарынан қайнатылған шәй немесе бал қослыған сүт ішіп алыңыз. Сондай-ақ, жатар алдында бөлмеңіздің терезесін ашып, ауаны тазартып алыңыз. Далаға шығып, 10-15 минут таза ауада серуендеп қайтыңыз.
№5 – Монша. Айына 1-2 рет моншаға барып тұрыңыз. Моншаға түскен адам жаман ойлардан арылып, өзін жақсы сезінеді. Ыстық бу шаш пен тырнақтың жақсы өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, тері де жақсарады.
№6 – Мұз кескіні. Түймедақ немесе ақжелкенді қайнатып, суыған кезде арнайы ыдысқа құйып, мұздатқышқа салып қойыңыз. Қатқан мұз кескінін алып, күн сайын таңертең бет-мойыныңызды сүртіп отырыңыз. Мұз кескінінің арқасында теріңіз жасарып қалады.
№7 – Тазарту. Мүмкіндік болса, айына кем дегенде бір рет косметологиялық процестен өту керек. Алайда, қалта көтермесе, бет-жүзіңізді үйде-ақ тазарта аласыз. Бетіңізге бал қослыған сұлы жармасын жағыңыз, жеміс-жидектердің (киви, алма, банан) тілімдерін қойып, 10-15 минут жатып демалыңыз. Сондай-ақ, көзіңізге қияр не картоп тілімін қоюға болады.
№8 – Балшық. Кез келген дәріханадан балшық ұнтақтарын сатып алуға болады. Кішкентай шараға жылы су құйып, оған балшық ұнтақтарын салып, араластырыңыз. Кейін бет-мойыныңызға жағып, 15-20 минут жатып демалыңыз. Сосын жылы сумен жуыңыз. Балшық беттегі қара дақтарды, безеу-бөрткенді, әжімдері кетіреді.
№9 – Спорт. Спортпен тұрақты түрде шұғылданыңыз. Ол үшін, міндетті түрде, жаттықтыру залына бару шарт емес. Таңертең 10-15 минут жүгіріңіз немесе жаяу жүріңіз. Жұмыс уақыты кезінде ара-тұра үзіліс жасап, жаттығуларды орындаңыз. Демалыс күндері достарыңызбен бірге доп теуіп, теннис ойнаңыз.
Аталған тоғыз ережені күнделікті өмірде қолданып, талаптарды орындасаңыз, денсаулығыңызды жақсартасыз. Сонда ғана жүзіңізден күлкі кетпей, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде боласыз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: woman.ru, ladyart.com
Ғ. Ұзақ