- Негізгі бет
- Денсаулық
- Күннен неге қорғану...
Күннен неге қорғану керек?
Ертеден бері бозарған бет әлсіздіктің нышаны болып есептеліп келген, тіпті Гиппократ барлық аурудың емі күн деп те айтып кеткен. Алайда осы күні күннен қорғану керектігін айтып, оның залалдарын да жазып жүргендер көп. Сонымен, күн пайдалы ма, әлде зиян ба? Анықтап көрейік.
Күннің астында ұзақ уақыт болу терінің күюіне әкелетінін екінің бірі білетін шығар. Одан кейінгі әсерлер мен ауыртпашылықты да көбіміз басымыздан кешіргенбіз. Терінің қызарып, күюінің өзі адам ағзасының ультрафиолет сәулесіне қарсы қорғаныс реакциясы. Егер сіздің теріңіз фитотиптердің бірінші не екінші түріне жатса (фитотипке жататындар: аққұба адамдар, секпілге бейім тері), онда сіз күннен қорғану керек адамдардың бірден-бірісіз. Мұндай тері иелері меланомаға - тері рагына шалдығулары мүмкін.
Күн, сонымен қатар, миға да әсер етеді. Бас киімсіз ұзақ уақыт күн астында жүру күн өту қаупіне душар етеді. Күн өткен жағдайда температура 40-41 градусқа дейін көтеріліп, жүрек айнып не қатты соғып, адам есінен танып, не бас ауруына шалдығуы мүмкін. Ең қорқыныштысы, қатты күн өтіп, өліп кеткен жағдайлар болған.
Гелиотерапия (күн ваннасы), басқа да емдеу түрлері сияқты әрбіріне беріле бермейді. Көк тамыр склерозы, гипертониялық аурулармен, орталық жүйке жүйесінің негізгі аурулары, күйгелектік пен базед ауруымен ауыратын адамдарға күнде жатуға тыйым салынады.
Күн астында жүргенде қандай ережелерді ұстану керек?
1. Сіздің теріңізге сәйкес келетін, күннен қорғайтын кремді алдын ала дайындап алыңыз. Күнге шығардан 30 минут бұрын тегістеп теріңізге жағыңыз. Әсіресе мұрын, шеке, төс, тізе мен иық аймақтарына жете жаққаныңыз дұрыс, өйткені дененің айқын мүшелері бірінші күйеді. Жай крем әдетте үш сағатқа қорғаныс береді. Егер күн астында жатып қана қоймай, суға түссеңіз, онда әр төрт сағат сайын кремді жаңарта жағып отырғаныңыз дұрыс.
2. Күн сәулесіне қыздырынуды 5-10 минуттан бастап, бірте-бірте ұзартыңыз.
3. Бірінші 2-3 күнде күннен қорғайтын крем жағыңыз, кейін қауіпті кезең өткен соң, күнге күюге арналған крем жақсаңыз болады. Теріге май жағумен аса әуестенбеңіз – күн түскен соң, тері ысып, ашиды. Және күнге шығарда, теріге құнарлы крем жағуға болмайды.
4. Жағажайға барарда шляпа немесе панама алуды ұмытпаңыз.
5. Күнге ысынып алып, суық душқа, не көлге түсе кетуге асықпаңыз. Көлеңкеде біраз суынып, жағажайда қыдыра тұрыңыз.
6. Алкоголь ішімдіктерінен немесе мұздай судан бас тартқан жөн. Шөлді лимон шырыны қосылған су немесе пайдалы минералды су ішіп басқан жақсы.
Табиғатта «Күн капиталы» деген ұғым бар. Өмір бойы тері ағзаны ультрафиолеттен 50 000 сағат (аққұба адамдар үшін) және 150 000 сағат (қара торы адамдар үшін) қорғай алатын қасиеті бар. Кішкентай кезден бастап, күнмен байланыс мұқият әрі қауіпсіз болуы қажет. Әйтпеген жағдайда тері «күн капиталынан» - терінің күнге күйгеннен кейін қайта қалпына келе алатын генетикалық қабілетен айрылып қалуы әбден мүмкін.
Сурет: turks-and-caicos-adventure.com
A. Mustafina