- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қарбыз шырынының пайдасы...
Қарбыз шырынының пайдасы мен зияны
Қарбыз – жаз бен күз мезгілінде әр отбасының дастарханынан табылатын дәмді жеміс. Оны ересектер де, балалар да ерекше жақсы көреді. Әр тілімін ауызға апарған сайын бұл ірі жемістің құрамында қаншама пайдалы қасиеттер бар екенін біле бермейді. Қарбыз шырыны, жұмсағы, қабығы мен дәні халық медицинасы мен косметологияда кеңінен пайдаланылады.
Қарбызды тағам ретінде де тұтынуға болады, одан шырын, шәрбат және бал жасауға болады. Және бұл тағамдарда көптеген дәрумендер мен микроэлементтер сақталады.
Қарбыз шырыны несімен пайдалы?
Қарбыз шырыны мен жұмсағы С, РР, Е, В дәрумендері мен фолий қышқылы, көп мөлшерде кальций, калий, магний, натрий, темір мен фосфорға бай. Қарбыз шырынының қасиеттері мен қанықтығы оны көптеген ауруларға ем болатын дәмді халықтық дәрі-дәрмек етті. Мысалы, ол атеросклероз, артрит, құяң және қант диабеті сынды ауруларды емдеуде үлкен көмек бола алады. Қан қысымы жоғары адамдарға және цистит, простатит сынды аурулардан зардап шегетін адамдарға қарбыз шырынын жиі ішу ұсынылады.
Қарбыз шырынының ересектерге ғана емес, балалар ағзасына да мол пайдасы бар. Оның көмегімен балаларда жиі кездесетін диурезді емдеуге болады. Бұл шырынды бауыр, бүйрек, несеп-жыныстық жүйе ауруларында ішу ұсынылады, сонымен қатар ағзадағы барлық уыт пен боқаттарды шығару үшін, бүйректегі тастың шығуын жеделдету үшін ішу керек. Несеп айдау әсерінің күштілігінен шырын ағзаны холестериннен тазартады.
Қарбыз шырыны – адам ағзасына пайдалы да зиян да. Бір жағынан ол бүйрек пен жүрекке салмақ түсіреді, бірақ, сонымен қатар тамыр қабырғаларын қатайтып, қысымды реттейді, жүрек бұлшық етінің жұмысын қалыпқа келтіреді, иммунитетті күшейтеді және ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етеді.
Қарбыз сығындысы – зат алмасуды жақсартатын, су-тұз алмасуын реттейтін тамаша сусын. Оны күйзелістік жағдайдың алдын алу үшін, обыр ісігінің таралуын тежеу үшін, стресстерге төтеп беруді күшейту үшін, іскендікті басу үшін және қышқылдық деңгейін реттеу үшін тағайындайды. Оның көмегімен анемия, ерлердің жыныстық әлсіздігін емдейді, бұлшық ет қатайып, оттек пен құнарлы заттармен қамтамасыздандырылады.
Аталған қасиеттерге қоса, бұл сусын етеккір кезіндегі ауруды басады, жүкті әйелдерде кездесетін іштің кебуін кетіреді. Суық тигенде және ӨРВИ кезінде қарбыз шырынын жиі ішу арқылы жоғары температураны түсіріп, жұқпаны кетіруге болады.
Қарбыз шырынын тұтыну ережелері
Бұл әбілхаят сусынды асықпай, жұтымдап ішу керек. Шырынды әрдайым тамақтың алдында тұтыну қажет, әйтпегенде ол ағзаға сіңуден бұрын ашып кетеді. Бұл жайсыздық тудырып, іштің кебуін тудыруы мүмкін.
Қарбыз шырыны кішкентай балаларға да пайдалы, бірақ тәуліктік нормасы бірнеше тамшыдан аспау қажет, ал ересектерге күніне үш литр ішуге болады. Бірақ бір жасқа дейінгі балаларға азық ретінде беру ұсынылмайды. Бала ағзасы ересектердің азығына толықтай үйренгенін, ал оның ас қорыту жүйесі мен бүйректері қарбыз шырыны мен жұмсағынан түсетін қысқа мерзімді салмаққа төтеп бере алуын күткен дұрыс.
Үй жағдайында қарбыз шырынын қалай дайындауға болады?
Қарбызды қабығынан айырып, жұмсағын бірнеше кесектерге турап, шырын сыққыштан өткізу қажет. Сонымен қатар прессті де пайдалануға болады. Қарбызды дәкеге орап, қолмен сығуға да болады, бірақ бұл біраз күш жұмсауды талап етеді. Мұндай шырынды тоңазытқышта да сақтауға болмайды, сондықтан тағы біраз уақыт жұмсап, қарбыздың қою шырынын (нардек) жасаған дұрыс.
Нардек дегеніміз – қарбыз шырынынан жасалатын бал десек те болады. Оны алу үшін піскен қарбыз мұқият жуылып, терең шарада төртке бөлінеді. Қасықпен барлық жұмсағын шығарып, оны елеуіш пен сүзгіден өткізеді. Шараның ішінде жиналған шырынды төгіп тастайды. Бұдан кейін піскен қарбыздың жұмсағын қайнатып, дәке арқылы сүзіп алады да, буланған шырын дайындалады. Сүзгіден өткізілген буланған шырынды тағы да отқа қойып, қоңыр түсті қою балға айналғанша қайнатады. Буланған қарбыз шырынының көлемі бастапқы шырыннан 5-6 есеге аз болу керек. Буланған қарбыз шырынын қақпағы жақсы жабылатын құтыда тоңазытқышта сақтауға болады.
Қарбыз шырынының зияны мен қолдануға болмайтын жағдайлар
Қарбыз шырынының да өзге азық-түліктер сияқты қолдануға болмайтын жағдайлары болады. Оны панкреатит, сусамыр, ішек түйілуі немесе несеп тоқтамау сынды диагноздары бар адамдарға тұтынуға болмайды.
Қарбыз шырыны – бүйрегінде тасы бар адамдарға пайдалы да, зиян да. Бір жағынан, ол сол тастарды шығаруға көмектесуі мүмкін, бірақ үгітіліп үлгермеген үлкен тастарды орнынан қозғалтуы да мүмкін. Емшектегі баласы бар аналарға да бұл шырынды абайлап ішу керек, өйткені бұл сәби ішінің бүруін тудыруы мүмкін.
Қарбыз шырынын өндіру өнеркәсібі әлі күнге дейін дамымаса да оны өз бетіңше дайындауға болады. Есесіне шырын отбасы мүшелерін пайдалы дәрумендермен қамтамасыз етеді.
Сурет: www.supersadovnik.ru, www.menshealth.com.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Алма шырынының пайдасы мен зияны
Қызанақ шырыны: пайдалы ма, әлде зиян ба?!
A. Mustafina